Lifestyle|Travel

Атыраудың беймәлім келбеті: Желіде жергілікті «джунглидің» құс ұшар биіктен түсірілген видеосы тарады

АвторыTatler Kazakhstan
20.08.2026
Instagram Dastan Mukhamedrakhim
IMAGE Instagram Dastan Mukhamedrakhim
Желі қолданушылары бұл кадрлардан Құрманғазы ауданын бірден таныды.

Қазақстандық тревел-блогер Дастан Мұхамедрахим Атырау облысында дронмен түсірген ерекше кадрларымен оқырмандарын таңғалдырды.

Видеодан жап-жасыл жапырақтар мен гүлдеген су өсімдіктерінен тұратын тұтас бір кілеммен жабылған үлкен аумақты көруге болады. Осы ну жыныстың арасында тар су жолдарымен жүзіп бара жатқан шағын қайықтар да байқалады. Биіктен түсірілген бұл көрініс табиғаттың нағыз құдіретін паш етіп тұр.

«Атырауда осындай джунгли бар деп кім ойлаған», – деп жазды Мұхамедрахим видеоның астына.

Блогердің оқырмандары түсірілім орнын тез анықтады. Олардың айтуынша, мұндай қайталанбас пейзажды Құрманғазы ауданынан, дәлірек айтсақ, Ганюшкин ауылының маңынан көруге болады. Көпшілік өздері үйреніп қалған өңірден мұндай экзотикалық көріністі кездестіреміз деп мүлдем күтпегенін жасырмады.

«Күнде көріп жүрген табиғат болса да, кәсіби маманның көзімен қарағанда мүлдем басқа әлем сияқты», – деп таңданысын білдірді оқырмандардың бірі. Басқалары «Құрманғазының табиғаты да, адамдары да ерекше!» және «Менің Атырауым» деп мақтанышпен жарыса жазды.

Блогердің объективіне жалпы көріністерден бөлек, әдемі жасыл аралдар, суда ізі қалған қайық және су бетін көмкерген қызғылт гүлдердің ірі кадрлары да іліккен.

Естеріңізге сала кетейік, осы жазда Атырау маңында гүлдеген лотостар табиғат жанашырлары мен фотографтар арасында нағыз хитке айналған болатын. Көптеген адамдар әдемі суреттер түсіру үшін арнайы сол жерге барды.