Кәсіпкер Ерлік Балфанбаев Алматы іргесіндегі Oi-Qaragai тау шаңғысы курортында жаңа мәдени кеңістік салынатынын мәлімдеді.
Орталықтың тұрақты экспозициясына мыңға жуық құнды жәдігер қойылмақ. Олардың қатарында түрлі дәуірге тиесілі кілемдер, зергерлік және қолөнер бұйымдары, қару-жарақ, ағаштан және былғарыдан жасалған ыдыс-аяқ, тоқыма бұйымдары мен тұрмыстық заттар бар. Ал ғимараттың қалған бөлігі уақытша көрмелер, арт-жобалар, білім беру бағдарламалары мен түрлі мәдени іс-шаралар өткізуге беріледі. Іле Алатауының көркем беткейлерін де осы экспозицияның бір бөлшегі деуге болады, себебі таудың ғажап көрінісі орталықтың үлкен панорамалық терезелерінен көз тартады.
«Біз жай ғана көне жәдігерлер музейін емес, көшпелілер өркениетінің қаншалықты ауқымды болғанын және оның болашаққа қандай әсер беретінін жан-тәніңмен сезінетін ерекше кеңістік құрып жатырмыз», – деп келтіреді кәсіпкердің сөзін оның баспасөз қызметі.
Орталықты 2027 жылдың екінші жартысында ашу жоспарланып отыр. Бұл жаңа мәдени орын курортқа келетін туристердің қатарын еселей түседі деген үлкен сенім бар.
Айта кетейік, осы қадамы арқылы Ерлік Балфанбаев өнер саласына инвестиция құятын қазақстандық меценаттардың қатарына қосылды. Бұл тізімде бұған дейін Нұрлан Смағұлов (Almaty Museum of Arts) пен Қайрат Боранбаев («Целинный» заманауи мәдениет орталығы, Балаларға арналған ғылым музейі) бар екенін білеміз.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Алматы мен Гонконгты тікелей рейс байланыстырмақ
