Lifestyle|Travel

Әйелдерге арналған саяхаттың өрлеуі: қыз-келіншектерден құралған топқа арналған не жалғыз өзіңіз сергіп қайтуға болар 10 бағыт

Автор Сабрина Лоу
17.03.2025
Getty Images
IMAGE Getty Images

Қала шуынан бір мезгіл тыныққысы келетін не серфингімен айналысқанды жөн көретін әйелдерге арналған 10 бағытты ұсынамыз

Адамдардың көбі рухани даму үшін саяхаттайды, алайда әйелдер үшін бұл үрдістің мәні ерек. Қыз-келіншектер үшін шетелге сапарлау, саяхаттау – тәуелсіздік пен сенімділіктің жарқын дәлелі, сондай-ақ әлдебір қауымдастық қалыптасуының көрінісі іспетті. Skyscanner ұйымының саяхаттау қызметі бойынша сарапшысы Синди Хьюдің айтуынша, кейінгі кезде әйелдерге арналған турлар көбейіп келеді. 

«Әйелдерге арналған саяхат клубтарының көбеюі өзіңе жақын орта табу идеясын айқындай түседі, – деп бөліседі Хью, – шын мәнінде интернетте тек әйелдерге арналған саяхат клубтарынан бөлек, әлеуметтік желілерде белгілі бір қызығушылықтарға байланысты түрлі әйелдер қауымдастығы пайда болып жатыр, олар инклюзив ортаны қолдап, әпкелік байланыс (sisterhood) сезімін нығайтады».

Ол Instagram-дағы әйелдерге арналған серфинг топтарын мысал ретінде келтіреді, онда пікірлес әйелдер шетелге шығып, бірге серфингімен айналыса алады. Сонымен қатар бұл платформалар әйел саяхатшыларға тәжірибе алмасумен қоса, пайдалы кеңес алуға мүмкіндік береді.

Unsplash
IMAGE Unsplash

Жалғыз саяхаттау үрдісі де қарқын алып келеді, әсіресе кейінгі буын арасында. Жақында Skyscanner сауалнама жүргізді. 18-25 жас шамасындағы әйелдердің 62%-ы жалғыз саяхаттағанды ұнататынын алға тартқан. Сингапурда жас қыз-келіншектердің 14%-ы алғашқы халықаралық сапарға жалғыз аттанғанды жөн көретінін жеткізген. Бұл дүниежүзін ешкімнің көмегінсіз-ақ зерттеуге деген қызығушылықпен қоса, қауіпсіздік деңгейінің артып келе жатқанының бір белгісі болса керек.

Көптеген әйелдер үшін саяхат бағыттарын таңдауда қауіпсіздік – басты мәселе. Бірақ кейінгі жылдары әйелдер ұйымдастыратын турлар көбейіп келеді, сондықтан да бұл шешімі табылған мәселе деуге де болады. Қазір әйелдер арасында кеңінен таныла қоймаған бағыттарға қызығушылық артып келеді. Патагонияның көз тартар табиғатынан Пәкістан мен Непалдың тарихи соқпақтарына дейінгі бағыттар хайкингіні, сондай-ақ ескек есу және ат тебу сияқты белсенділіктерді қамтиды. Қысқасы, шытырман оқиғалы саяхаттар ер адамдарға ғана тән деген ұғым ескірген.

Unsplash
IMAGE Unsplash

Әйелдерден құралған топтар мен жалғыз саяхаттауға арналған ең қызықты бағыттар 

1. Сеул, Оңтүстік Корея

Қарқынды қала энергиясы, шарықтап дамыған сұлулық индустриясы және тиімді көлік жүйесі. Жалғыз саяхаттайтын әйелдер үшін Сеул – тамаша таңдау. Сұлулық саласына қызығатын жандар Мендон ауданындағы дүкендерді аралап, K-beauty тері күтімі мен технологиясындағы соңғы жаңалықтарды сағаттап тамашалай алады. У-шудан бір мезгіл тынығу үшін Хан өзені бойымен велосипед теуіп, қаланы біраз зерттеп қайтуға болады. Тіпті түн ауған кезде де Сеул әлемдегі ең қауіпсіз астаналардың бірі болып қала береді. Соның арқасында саяхатшылар қыз-қыз қайнаған түнгі базарларда емін-еркін сауда жасап, еш уайымсыз көшелерді аралап, көңіл күйін көтере алады.

Сеул, Оңтүстік Корея | Unsplash
IMAGE Сеул, Оңтүстік Корея | Unsplash
Әйелдерге арналған саяхаттың өрлеуі: қыз-келіншектерден құралған топқа арналған не жалғыз өзіңіз сергіп қайтуға болар 10 бағыт

2. Патагония, Оңтүстік Америка 

Табиғатты сүйетіндер үшін Патагония тамаша хайкинг жолдары мен ерекше желкенді экспедициялар ұсынады. Олар нағыз рухани бірлікті сезінуге мүмкіндік береді. Ұлттық паркілер мен мұздықтардың таңғажайып көріністері сіздің шабытқа толы саяхатыңыздың көрінісіне айналады.

Torres del Paine National Park, Патагония, Оңтүстік Америка | Unsplash
IMAGE Torres del Paine National Park, Патагония, Оңтүстік Америка | Unsplash

3. Дубай, БАӘ

Жоғары деңгейдегі қауіпсіздік, тың тәжірибелер және мәдени мұра. Әйел саяхатшылар аса мән берер осы үш ұғым бір жерде тоғысқан. Дубай қыз-келіншектер үшін сонысымен тартымды. Жалт-жұлт етіп, көздің жауын алар зәулім ғимараттармен қоса, қалада тарихи мұрасы ерек жерлер мол. Әл-Фахиди тарихи ауданы Дубайдың өткеніне саяхат жасауға мүмкіндік береді. Мұнда қалпына келтірілген жел мұнаралы үйлер бүгінде мұражайларға, дәмханалар мен галереяларға айналған. Шытырман оқиғаны бастан кешуге жаны құмар жандар тек әйелдерден құралған гидтермен бірге шөл даланы бағындыра алады.

Дубай, БАӘ | Unsplash
IMAGE Дубай, БАӘ | Unsplash
Әйелдерге арналған саяхаттың өрлеуі: қыз-келіншектерден құралған топқа арналған не жалғыз өзіңіз сергіп қайтуға болар 10 бағыт

4. Хобарт, Аустралия

Хобарт – мәдениет пен ашық аспанда демалуды ұштастырғысы келетін саяхатшылар үшін жайлы бағыт. Тасмания астанасы қонақжай әрі жаяу серуендеуге қолайлы қала. Қыста жолы болған қонақтар түнгі аспанды жасыл және күлгін түстерге бояйтын табиғи құбылыс Оңтүстік шұғыласын тамашалай алады.

Хобарт, Аустралия | Tourism Tasmania
IMAGE Хобарт, Аустралия | Tourism Tasmania

5. Окинава, Жапония 

Окинава – баяу өмір сүру мен бірқалыпты көңіл күйге негізделген өмір салтын сезінуге таптырмас орын. Аралдың тыныш жағажайлары мен мөлдір сулары жайлы демалыс сыйлап, жаныңызды тыныштандырады. Дәстүрлі онсэндер (геотермалды су) теңізге қарай ашылып, ал күн шыққан кездегі йога сабақтары саяхатшыларға күнді тыныштықпен бастауға мүмкіндік береді. Жақын маңдағы Керама аралдары – Жапониядағы ең жақсы сноркелинг орындарының бірі, мұнда теңіз тасбақалары түрлі-түсті маржан рифтерінің арасында еркін жүзеді.

Окинава, Жапония | Unsplash
IMAGE Окинава, Жапония | Unsplash
Әйелдерге арналған саяхаттың өрлеуі: қыз-келіншектерден құралған топқа арналған не жалғыз өзіңіз сергіп қайтуға болар 10 бағыт

6. Люцерн, Швейцария

Люцерн – әйелдер үшін таптырмас демалыс орны. Альпі тауларының ұшы-қиыры жоқ көріністері, тарихи тартымдылық және жайлы демалыс түрлері мұнда тамаша үйлесім тапқан. Ескі қаланы аралау кезінде ортағасырлық сәулет өнерін тамашалауға болады, ал Люцерн көліне круиз жасасаңыз, қаланы мүлде басқа қырынан танисыз. Темірдей тәртіпке бағынған қоғамдық көлік жүйесімен танымал Люцернде тазалық пен қауіпсіздікке де ерекше мән беріледі. Сондықтан да бұл жаққа саяхат қыз-келіншектердің сапарын мейлінше жайлы етіп, мәңгі бақи есте қалар әсер сыйлары сөзсіз.

Люцерн, Швейцария | Unsplash
IMAGE Люцерн, Швейцария | Unsplash

7. Салоники, Грекия

Салоники тарих, гастрономия және белсенді әлеуметтік өмірді бір арнаға тоғыстыра отырып, Грекиядағы біріне-бірі ұқсайтын бағыттармен салыстырғанда анағұрлым қызықты саяхат бағдарламасын ұсынады. Византия шіркеулері, Рим дәуірінің қирандылары және Осман империясының ықпалы — әртүрлі өркениеттердің ізі қалған қаланың тарихын баяндайды, ал жағалаудағы қарбалас дәмханалар мен түн ортасына дейін есігі ашық таверналар оның серпінді атмосферасын толықтыра түседі.

Салоники, Грекия | Unsplash
IMAGE Салоники, Грекия | Unsplash
Әйелдерге арналған саяхаттың өрлеуі: қыз-келіншектерден құралған топқа арналған не жалғыз өзіңіз сергіп қайтуға болар 10 бағыт

8. Рованиеми, Финляндия

Егер сіз құдды бір ертегідегідей Арктикалық демалысты армандасаңыз, қалың қар жамылған ландшафтар ұмытылмас қысқы әсер сыйлауына тамаша фон болатын Рованиемиге аттаныңыз. Санта Клаустың туған қаласы ретінде бұл шаһардағы сиқырлы атмосфера мереке маусымынан да асып түседі. Солтүстік шұғыланы өз көзіңізбен көріп, мұз құрсауындағы ормандар арқылы ит жегілген шанамен сырғанап, әйнектен жасалған иглуде түнеп, түнгі аспанның ғажайып көрінісін тамашалап қайтыңыз.

Рованиеми, Финляндия | Unsplash
IMAGE Рованиеми, Финляндия | Unsplash

9. Куинстаун, Жаңа Зеландия

Куинстаун әлемнің «Шуақты оқиғалар астанасы» ретінде танымал, мұнда шекараңызды кеңейтетін әсерлі тәжірибелер көп – Каварау көпірінен банджи-джампинг жасап не Уакатипу көлінің үстінде парашютпен секіруге болады. Баяу қарқынмен демалуды жөн көретіндер үшін де Куинстаун керемет орын: Фьордленд ұлттық паркінде серуендеп, табиғаттың сұлу көріністерін тамашалауға мүмкіндік мол. Жергілікті тұрғындардың жылылығы мен саяхатшылар қауымдастығының ынтымақтастығы бұл жерде өзіңізді үйдегідей сезінуге жағдай жасайды.

Куинстаун, Жаңа Зеландия | Unsplash
IMAGE Куинстаун, Жаңа Зеландия | Unsplash
Әйелдерге арналған саяхаттың өрлеуі: қыз-келіншектерден құралған топқа арналған не жалғыз өзіңіз сергіп қайтуға болар 10 бағыт

10. Копенгаген, Дания 

Данияның астанасы жалғыз саяхаттайтындар үшін ең қауіпсіз әрі қонақжай қалалардың бірі ретінде тұрақты түрде көш бастап келеді. Копенгагенде қоғамдық көлік жүйесі өте жайлы. Велосипед тебуге арналған көшелерімен қаланы емін-еркін зерттей аласыз: Нюхавн арналарының бойымен серуендеуге де, тәуелсіз бутиктерді аралап қайтуға да мархабат, тарихи орындарды асықпай тамашалаймын десеңіз де, патша көңіліңіз білсін. Қаланың ерекше кафе мәдениеті қонақтарды жайғасып, атмосферадан ләззат алуға шақырады. Тамақтануға келген адам мұнда қарапайым көше тағамынан да, Michelin жұлдызы бар мейрамханалардан да дәм тата алады.

Сабрина Лоудың бұл мақаласы алғаш рет 2025 жылдың 11 наурызында ағылшын тілінде жарияланған, Tatler KZ үшін қазақ тіліне 2025 жылдың 14 наурызында аударып, жаңартқан – Адиса Кин.

Копенгаген, Дания | Unsplash
IMAGE Копенгаген, Дания | Unsplash