Жаннат Қатарбаева Балқаш көліндегі 21 шақырымдық қашықтықты бағындырған Қазақстаннан шыққан алғашқы әйел болды. Бұл тарихи оқиға Қарағанды облысының Шашубай кентінде ұйымдастырылған UltraOceanman Balkhash халықаралық жарысы барысында тіркелді. Ол 28–29 тамыз аралығында өтті.
21 шақырым – UltraOceanman бағдарламасындағы ең ұзақ қашықтық. Жаннат ашық суда жүзумен бапкер Дмитрий Деревянконың жетекшілігімен алты жылдай айналысып келеді. Бұл жарыс оның спорттық жолындағы жаңа белеске айналды.
Жаннат Жаңаөзен қаласында дүниеге келген. Қазір Астанада тұрады, Digital Silk Road Company компаниясында заңгер болып жұмыс істейді. Балқашқа дейін ол ашық судағы жарыстарға бірнеше рет қатысқан. Қазақстанда 8 және 10 шақырымдық қашықтықтарды бағындырды. Сондай-ақ Италиядағы Орта көлінде 14 шақырымды жүзіп өткен тәжірибесі бар.
