Lifestyle|Sports

Дастан Сәтпаев «Челси» сапындағы алғашқы жүлдесіне қол жеткізді

АвторыTatler Kazakhstan
06.08.2026
Дастан Сәтпаев «Уэстерн Сидней Уондерерс» пен «Челси» арасындағы Sydney Super Cup матчында соққан голын тойлауда, Сидней, Австралия, 28 шілде 2026 жыл | Darrian Traynor / Getty Images
IMAGE Дастан Сәтпаев «Уэстерн Сидней Уондерерс» пен «Челси» арасындағы Sydney Super Cup матчында соққан голын тойлауда, Сидней, Австралия, 28 шілде 2026 жыл | Darrian Traynor / Getty Images
Қазақстан ұлттық құрамасының 17 жасар ойыншысы Дастан Сәтпаев лондондық «Челсиге» ауысқаннан кейінгі алғашқы жеке жүлдесіне ие болды. Оның соққан голы Австралияда өткен жолдастық турнирдің ең үздік голы деп танылды

Австралия лигасы Sydney Super Cup 2026 турниріндегі ең әдемі алты голдың рейтингісін жариялады. Бірінші орынды «Уэстерн Сиднейге» қарсы матчтың алтыншы минутында Дастан соққан гол иеленді. Қазақстандық вингер қарсыластың алаңында допты қабылдап алып, айып алаңына зырқырап басып кірді де, қақпаның жоғарғы бұрышына дәл көздеп, жойқын соққы жасады. Бұл – Сәтпаевтың «Челси» жейдесіндегі алғашқы голы.

Бұл кездесуде лондондық клуб 6:4 есебімен жеңіске жетті. Дастан гол соғып қана қоймай, командасының екінші нәтижелі шабуылына да үлес қосты – 38 минутта командаласы Дариу Эссугу мергендік танытты. Қазақстандық футболшының мұндай жарқын дебюті «Челси» жанкүйерлерін тәнті етті. Олар әлеуметтік желілерде жас талантты жарыса құттықтап, жылы лебіздерін жаудырып жатыр.