Lifestyle|Sports

Биік өкше, биік мақсат: Бибісара Асаубаева Сен-Тропедегі супертурнирде топ жарды

АвторыВиолетта Тельманова
26.08.2026
Бибісара Асаубаева | Norway Chess ресми сайты
IMAGE Бибісара Асаубаева | Norway Chess ресми сайты
Шахматшы қыздар сән әлемінен алыс деп кім айтты?

Шахмат тақтасындағы қатал тартыс пен мінсіз стиль бір-бірімен қабыспайды деген көзқарасты отандасымыз осылайша тас-талқан етті. Сен-Тропенің күн шуақты жағалауында өткен WR Women's Chess Tour 2026 супертурнирінің еуропалық кезеңі қазақстандық спортшының айқын басымдығымен аяқталды. Алғашқы жарыс күнінің өзінде 5,5 ұпай жинаған ол, рапидтен чемпион атанып, жанкүйерлерін тағы бір мәрте қуантты.

Дегенмен, бұл жеңіске жету жолы оңай болған жоқ. Тартысты өткен ширек финалда Асаубаева тай-брейкте неміс гроссмейстері Элизабет Петцтен басым түссе, жартылай финалда грузиялық Нино Бациашвилимен тең ойнады. Бұл нәтиже оған финалдың есігін айқара ашуға толық жеткілікті еді. Шешуші кезеңде ол украиналық Мария Музычукпен кездесіп, алғашқы партияда қара тастармен ойнағанына қарамастан жеңісті жұлып алды. Ал екінші партияда да қарсыласына еш мүмкіндік қалдырмай, өз мықтылығын дәлелдеді.

Турнирдің барлық толқуы артта қалған сәтте, чемпион әлеуметтік желідегі оқырмандарымен ішкі сезімін бөлісуді ұмытпады:

«Баршаңызға сәлем! Менің бүгінгі жұмыс күнім аяқталды. Мен WR Chess Tour турнирінің рапид бөлігін жеңіп алдым. Бірінші матчта Петцті, екіншісінде Бациашвилиді, үшіншісінде Мария Музычукты ұттым. Ертең блиц болады. Сәл шаршадым, бірақ өзіме көңілім толады. Сонымен қатар... Туфлимен алты сағат жүрдім. Иә, міне осындай жағдай»

- Бибисара Асаубаева -

Алдағы уақытта Бибісарадан тек спорттық жетістіктерді ғана емес, күнделікті өміріндегі осындай қызықты сәттермен жиірек бөлісуін күтеміз. Өйткені жарыс мұнымен аяқталмайды: алда блиц турнирі күтіп тұр, онда сегіз шахматшы кезеңнің екінші кубогы үшін тағы да ақыл-ой таласына түспек.

Еске сала кетейік, осыған дейін отандасымыз Сент-Луистегі Cairns Cup 2026 супертурнирінде де сәтті өнер көрсетіп, Грекия өкілі Ставрула Цолакидуды қапы қалдырып, финал алдында үшінші орынға көтерілген болатын.