Эр-Риядта өткен WTA Finals 2025 додасындағы айқын жеңісінен кейін қазақстандық теннисші өз есімін тарихқа жазды
Елена Рыбакина турнирді бірде-бір жеңіліссіз аяқтады: ол топтық кезеңде үш рет жеңіс туын тігіп, жартылай финалда Джессика Пегуладан басым түсті. Ал финалда әлемнің бірінші ракеткасы Арина Соболенконы тізе бүктіріп, тарихи жеңіске қол жеткізді. Нәтижесінде, ол әйелдер мен ерлер арасындағы кәсіби теннис тарихындағы ең ірі жүлде қорын жеңіп алды. Осылайша, Рыбакина бір турнирде ең көп табыс тапқан ойыншылардың бейресми рейтингінің көшін бастады.
1. Елена Рыбакина
Жүлде қоры: $5,2 млн
Турнир: WTA Finals (Эр-Рияд)
Жылы: 2025
Қатарынан бес рет жеңіп, бірде-бір жеңіліс көрмеген. Қорытынды турнирдегі бұл жүлде сомасы тек WTA үшін ғана емес, бүкіл кәсіби теннис үшін бұрын-соңды болмаған рекорд болды.
2. Арина Соболенко
Жүлде қоры: $5 млн
Турнир: US Open (Нью-Йорк)
Жылы: 2025
Беларусь теннисшісі АҚШ Ашық чемпионатының финалында Аманда Анисимованы 2:0 есебімен ұтып, сол кездегі рекордтық $5 млн табыс тапқан еді. Алайда, араға екі ай салып, Рыбакина бұл рекордты жаңартты.
3. Карлос Алькарас
Жүлде қоры: $5 млн
Турнир: US Open (Нью-Йорк)
Жылы: 2025
Дәл сол турнирде әйгілі Надальдің жолын жалғастырушысы, испандық Карлос Алькарас та ірі табысқа кенелді. Ол US Open-дегі жеңісі үшін $5 млн алды.
4. Янник Синнер
Жүлде қоры: $4,9 млн
Турнир: ATP Finals (Турин)
Жылы: 2024
Италиялық теннисші ATP Finals турниріндегі барлық матчта жеңіске жетіп, $4,9 млн иеленді. Дегенмен, бұл оның ең ірі табысы емес: ол бұған дейін көрсетілім турнирлерінде екі рет $6 млн-нан алған болатын.
5. Коко Гауфф
Жүлде қоры: $4,8 млн
Турнир: WTA Finals (Эр-Рияд)
Жылы: 2024
Эр-Риядтағы WTA Finals-тағы жеңіс оған тек титул ғана емес, сонымен қатар Sportico нұсқасы бойынша 2024 жылдың ең жоғары жалақы алатын спортшы әйелдер тізімінде бірінші орынды сыйлады. Өткен жылы Гауфф $30,4 млн табыс тауып, оның басым бөлігі жарнамалық келісімшарттардан түскен.
