Lifestyle|Entertainment

Зои Салдана Avatar фильмі арқылы кино тарихындағы ең табысты актриса атанды

Автор Виктория Лебедева
14.01.2026
Зои Салдана | Avatar: Fire and Ash фильмінен кадр | IMDb
IMAGE Зои Салдана | Avatar: Fire and Ash фильмінен кадр | IMDb
«Оскар» иегері Зои Салдана ресми түрде әлемдегі ең кассалық жұлдыз мәртебесіне ие болды. Оның қатысуымен шыққан туындылардың жалпы табысы 15,5 миллиард доллардан асты. Осындай тарихи көрсеткіштен кейін актриса режиссер Джеймс Кэмерон мен адал жанкүйерлеріне шынайы алғысын жаудырды

Avatar мен Avengers франшизаларының жұлдызы бұған дейін де кино әлеміндегі ең ірі рекордтардың басында тұрған еді. Ол кино тарихындағы ең көп пайда әкелген үш бірдей туындыға – Avatar (2009), Avengers: Endgame (2019) және Avatar: The Way of Water (2022) фильмдеріне түскен жалғыз актриса. Variety басылымының мәліметінше, Салдана кассалық жиыны 2 миллиард долларлық межеден асқан төрт картинада басты рөлдерді сомдап, қайталанбас жетістікке қол жеткізген.

Жаңадан шыққан Fire and Ash бөліміне дейін Салдана ең табысты актерлер тізімінде Скарлетт Йоханссон мен Сэмюэл Л. Джексоннан кейінгі үшінші орында тұрған еді. Алайда жаңа Avatar прокаты 1,23 миллиард доллар жинаған сәтте, таразы басы теңселіп кетті. The Numbers агенттігінің дерегінше, актрисаның жиынтық табысы 15,47 миллиард долларға жетіп, оны тізімнің көш басына сенімді түрде шығарды.

Зои Салдана бұл жеңісін жанкүйерлеріне арналған тебіреніске толы видеоүндеуімен атап өтті. Ол өзінің кәсіби биіктерді бағындыруына жол ашқан режиссерлер – Джеймс Кэмеронға, ағайынды Руссоларға, Джеймс Ганн мен Джеффри Джейкоб Абрамсқа ерекше ризашылығын білдірді. Актриса өз жетістігінің басты тірегі көрермен екенін айта келе, алдағы уақытта бұл рекордты тағы бір әйел адам жаңартатынына сенім білдірді.

2025 жыл Зои Салдана үшін шығармашылық өрлеу жылы болды. Наурыз айында ол батыл экспериментке толы Emilia Pérez мюзикліндегі шеберлігі үшін «Оскар» сыйлығын алды. Осылайша, ол доминикан тегінен шыққан алғашқы америкалық актриса ретінде тарих бетінде қалды. Оның драмалық талантына «Алтын глобус», BAFTA және Канн фестивалінің қазылар алқасы да бірауыздан жоғары баға берген болатын.

Жаңа Avatar хикаясында Салдана На'ви тайпасының айбынды жауынгері Нейтири рөліне қайта оралды. Бейнені жасауда бұрынғыша қимыл-қозғалысты сандық жүйеге түсіру (motion capture) технологиясы пайдаланылды. Актрисаның пайымдауынша, бұл әдіс экрандағы кейіпкермен тығыз рухани байланыс орнатып, адамның ішкі тебіренісін көрерменге еш бүкпесіз жеткізуге мүмкіндік береді.