Lifestyle|Entertainment

Желтоқсанның басында назардан тыс қалмауы тиіс 5 іс-шара

Автор Виктория Лебедева
03.12.2025
Баспасөз қызметінің мұрағаты
IMAGE Баспасөз қызметінің мұрағаты
Тау баурайынан театр сахнасына дейін: желтоқсанның алғашқы жартысында Алматы мен Астанада өтетін ең жарқын мәдени оқиғаларға шолу

Courchevel Air Fest – 6 желтоқсан

6 желтоқсанда Алматы тауларында қысқы демалыстың жаңа үлгісін қалыптастыратын бірегей оқиға – ашық аспан астындағы музыкалық фестиваль шымылдығын түреді. Қонақтарды еуропалық үздік тау шаңғысы курорттарының атмосферасына бөлейтін бұл шараның бағдарламасында хедлайнер DJ.ODYSSAY музыкасы және Queen Mountain Resort ұсынған тағамдар мен сусындар бар.

Билет құны: Freedom Ticketon-да 21 мың теңгеден басталады.

Назарда: Айша Ғалымбаева – 6 желтоқсан

Almaty Museum of Arts әр үш ай сайын бір күнді өз коллекциясындағы суретшіге арнауды дәстүрге айналдырып, келушілерге дискуссиялар, экскурсиялар мен кино көрсетілімдері арқылы автор әлеміне терең бойлауға мүмкіндік береді. Бұл бастаманың алғашқы кейіпкері ретінде қазақ бейнелеу өнерінің негізін қалаушылардың бірі Айша Ғалымбаева таңдалған. Оның ауыл өмірін, индустриялық пейзаждарды және әйелдердің мәнерлі бейнесін сомдаған туындылары күнделікті тіршілік сұлулығын аша отырып, қоғамдағы әйел рөлінің өзгеруін көрсетеді.

«Ильхом» театрының «Жеті ай» қойылымы – 5 және 7 желтоқсан

Әлішер Науаи шығармаларының желісімен қойылған бұл поэтикалық аңыз – аты аңызға айналған ташкенттік театрдың нағыз бойтұмары. Адами құмарлық, менмендік және күйретуші махаббат туралы сыр шертетін осы қойылымда драмалық әрекет жанды музыкамен шебер үйлесім тапқан: саксофон, най, контрабас және соқпалы аспаптардың үні заманауи ырғақтармен астасып, көне мен бүгіннің арасын жалғайтын ерекше атмосфера тудырады. Қазақстандағы бұл гастроль театрдың өз 50 жылдығына орайластырылған мерейтойлық бағдарлама аясында өтуде.

Билет құны: Астанада 16 мың теңгеден, Алматыда 25 мың теңгеден басталады.

Esentai Gallery Art Fair – 16 қаңтарға дейін

Жақындап келе жатқан Жаңа Жыл мерекесі мағыналы сыйлық таңдауға немесе жеке коллекцияны толықтыруға таптырмас себеп болғандықтан, сәнді киініп, достармен бірге Esentai Gallery-ге «қазына» іздеуге аттаныңыз. Экспозицияға 15-тен астам суретшінің – жас авторлардың да, танымал шеберлердің де туындылары қойылғандықтан, олардың арасынан жаныңызға жақын дүниені табарыңыз анық.

Stages музыкалық театрының премьерасы – «Ақ түндер» – 16 желтоқсан

Театр, музыка және хореографияны тоғыстырған алматылық тәуелсіз музыкалық театр, көрерменді әркім өзін тани алатын адами нәзік жақындықты тамашалауға шақыратын жаңа туындысын ұсынады. Жанды скрипка үні мен ұлы классикалық композициялар ерекше атмосфера сыйлайды. «Ақ түндер» – Ф. М. Достоевскийдің ерте жазылған романы желісімен қойылған, махаббат, жалғыздық және арманды ұстап қалудың мүмкін еместігі туралы музыкалық спектакль. Түн басуға асықпайтын қалада екі қиялшыл жан кездеседі. Бірнеше түнге созылған сырласу олардың үмітін оятады, алайда күткендері орындалар ма екен?

Билет құны: 15 мың теңгеден басталады.