Lifestyle|Entertainment

Жай ғана ойын емес: GTA VI-ның шығуы неліктен поп-мәдениеттегі жылдың басты жаңалығына айналды?

АвторыВиолетта Тельманова
17.11.2026
Vernon Yuen / Getty Images
IMAGE Vernon Yuen / Getty Images
Dazed журналының мұқабасы, Justice тобының музыкасы және кеңселердегі жаппай демалыс толқыны – 19 қарашадағы тұсаукесер қалайша тек ойын әлемімен шектеліп қалмады?

«GTA қайда, Tatler қайда?» деген сұрақ тууы заңды. Бір қарағанда, бұл тақырып біздің басылымның бағытынан мүлдем алшақ жатқандай көрінеді. Бірақ бұған көз жұма қарауға болмайтынын түсіндік. Себебі бұл жай ғана видеоойын емес, нағыз әлемдік құбылысқа айналды. Ендеше, әңгімені әріден қозғайық. 2026 жылдың 19 қарашасында PlayStation 5 пен Xbox Series X|S консольдеріне арналған Grand Theft Auto VI жарыққа шығады. Алдыңғы бөлімі шыққалы бері арада тура 13 жыл өтіпті. Rockstar студиясының қылмыстық хикаясы жылдың басты премьерасына қалай айналды? Студия тарихта алғаш рет басты рөлді неге әйелге берді? Сән әлемін, музыканы, заманауи өнер мен Голливудты ол қалай бағындырды? Осының бәрін мақалада тарқатып айтамыз.

Rockstar
IMAGE Rockstar

Алтыншы бөлімнің төңірегіндегі бұл дүрбелең аяқастынан пайда болған жоқ. Оның тамыры Grand Theft Auto V-тің бұған дейінгі жетістіктерімен тығыз байланысты. Бесінші бөлім сонау 2013 жылы видеоойын мен үлкен поп-мәдениет арасындағы шекараны біржола жойып жіберген еді. Алғашқы үш күннің ішінде 1 миллиард доллар табыс тауып, 200 миллионнан астам дана сатылған ол Голливудтың ең мықты блокбастерлерін шаң қаптырды. Содан бері консольдердің үш буыны ауысса да, ойынсүйер қауымның ықыласы еш бәсеңдеген жоқ. Дәл осы GTA V ішінде виртуалды әлем толыққанды медиа алаңға айналды: радиостанциялардың музыкасын Фрэнк Оушен мен Tyler, The Creator таңдап берді, Dr. Dre жаңа әндерін тікелей GTA Online желісінде таныстырды. Ал Solomun және Peggy Gou сияқты мықты диджейлер виртуалды клубтарда өз сеттерін орындады. Осы 13 жыл ішінде ойын музыка, сән және заманауи өнер тоғысқан дербес экожүйеге айналып үлгерді. Енді Вайс-Ситиде тігілетін бәс бұрынғыдан да арта түспек.

1. Серия тарихында алғаш рет басты рөл әйелге бұйырды

Ондаған жыл бойы қатыгез еркектерге арналған атыс-шабыстың нышаны болып келген франшиза үшін бұл – нағыз төңкеріс. Оқиғаның өзегінде заманауи Бонни мен Клайд стиліндегі қылмыстық жұп – Люсия Каминос пен Джейсон Дюваль тұр. Люсия 3D дәуіріндегі алғашқы толыққанды басты әйел кейіпкер атанды. Ойынның жаңа драматургиясы дәл осы Люсияның мінезі мен амбициясына, оның үлкен әлемге деген көзқарасына негізделген.

Rockstar
IMAGE Rockstar

2. Кеңселер, киностудиялар мен спорт лигалары жұмыс кестелерін өзгертуде

Ойын-сауық индустриясы GTA VI-ның шығуын «қара тесік (black hole) эффектісі» деп атады. Бұл құбылыс тек Голливудты ғана дүрліктірген жоқ. Бұл жобамен бәсекеге түспес үшін ірі киностудиялар күзгі премьералар кестесін алдын ала өзгертіп тастады. Өйткені 2025 жылдың мамырында жарық көрген екінші трейлердің өзі бір тәулікте барлық платформаларды қосқанда 475 миллион рет қаралып, рекорд жаңартқан еді. Ал ойынның өзі Microsoft Store тарихында алдын ала тапсырыс беруден көш бастады.

Осымен қатар, бүкіл әлемдегі кеңселерде «GTA тұмауы» басталды. Remote халықаралық HR-платформасының мәліметінше, 19 қараша, бейсенбіге сұралған демалыстар саны өткен жылмен салыстырғанда 32%-ға өскен. Әсіресе Z ұрпағындағы ер азаматтар ұзақ демалыс алуға қатты асығыпты. Кейбір жұмыс берушілер бұл дүрбелеңге қарсыласудың қажеті жоқ деп шешкен. Мысалы, Logitech өз қызметкерлеріне қосымша демалыс сыйласа, жапониялық Pocketpair студиясы ұжымды ресми түрде «Вайс-Ситиге ақылы іссапарға» жіберді.

Бұл флешмобқа спорт әлемі де қосылды. «Ливерпуль» шабуылшысы Александер Исак 19 қарашадан бастап өзімен байланысу мүмкін болмайтынын ескертті. Осыдан кейін жанкүйерлер оның 22 қарашада «Манчестер Юнайтедке» қарсы өтетін маңызды матчқа дайындығы үшін қатты алаңдап қалды.

«Иә, мен GTA 6-ны алдын ала жүктеп қойдым. Ойын шығатын 19-ы күні менімен хабарласу қиынға соғатын шығар. Үйге қамалып аламын. Жоспарым осындай».

- Александер Исак -

Ал NBA ойыншысы Стивен Адамс айдың соңына дейін барлық америкалық лигалардағы нәтижелер құлдырайтынын әзілдеп болжады. Оның айтуынша, Вайс-Ситиге тек ойыншылар ғана емес, жаттықтырушылар құрамы да кетіп қалады.

Бұл жаңалық тіпті мемлекеттік деңгейде талқыланды. Релиз қарсаңында Ұлыбританияның Мәдениет министрі Лиза Нэнди GTA VI-ны «еліміз шынымен мақтан тұтатын туынды» деп көпшілік алдында мәлімдеді. Себебі ойынды жасаған Rockstar North студиясы Шотландияның Эдинбург қаласында орналасқан.

Бұл дүрбелеңнен қазақстандық компаниялар да қалыс қалған жоқ. Мәселен, Aviasales.kz қызметкерлерінің ойынды алаңсыз қарсы алуы үшін компания 19 қарашаны ресми демалыс күні деп жариялады. Демалысқа шығу үшін ойынды жүктеп алғаныңызды көрсетсеңіз болғаны. Ал Вайс-Ситиде ең көп уақыт өткізген қызметкерді команда ішінде арнайы сыйлық күтіп тұр.

Біз білетін кейбір ұйымдарда қызметкерлер кадр бөлімінен демалыс сұрап барғанымен, көбінің меселі қайтқан. Tatler-ге келсек, біздің редакция жұмысын жалғастыра береді. Дегенмен, бас редакторымыз Анара Кукиева жұбайымен бірге ойнау үшін жұманың кеші мен демалыс күндерін алдын ала босатып қойған екен.

«Бұл оқиғаны жұрттың тағатсыздана күтуі нағыз «Тақтар ойынынан» еш кем емес. Жо-жоқ, одан да үлкенірек шығар. Бала кезіңде бірге өскен әлем сен есейіп, мүлдем басқа адам болғанда қайта оралса, ерекше бір толқыныс сезесің. Өміріңде қаншама нәрсе өзгерсе де, бұл сезім баяғы қалпында қалған. Ең қызығы, мұнда жай ғана қала ішінде көлікпен қыдырып, радио тыңдаудың өзінен ләззат алуға болады. Мен үшін оның ешқандай нақты мақсатсыз-ақ адамды баурап алатын осы қасиеті – нағыз сиқыр. Қазір мен өзім үшін өте маңызды нәрсенің ақыры жалғасын тапқанын сезініп отырмын. Сондықтан осы оқиғаға уақытымды алдын ала арнап қойғым келеді».

- Анар Кукиева -

3. Әлемдік фестивальдерден кем түспейтін музыка

Rockstar жаңа бөлімнің музыкасын стримингтер мен винилде жеке жинақ етіп шығарып, оны бөлек бір құбылысқа айналдырды. Үш сағатқа созылатын аспаптық саундтректі француз Justice электронды дуэті Tame Impala, SZA және Gesaffelstein сияқты әртістермен бірге жазып шықты.

Сонымен қатар 34 тректен тұратын Grand Theft Auto VI: The Album жинағы да жарық көреді. Онда BLACKPINK тобындағы Дженни, Travis Scott, Cardi B, Fred again.., Yung Lean, PinkPantheress және Кит Ричардс сияқты танымал есімдер бар. Ал ойын ішіндегі радиостанцияларды Лана Дель Рей, Bad Bunny, Burna Boy және топ-модель Алекс Консани жүргізеді.

Бұған қоса 21 және 22 қараша күндері Майамидегі Miami Marine Stadium алаңында Vice City Live атты екі күндік фестиваль өтеді. Онда Justice, Travis Scott және Fred again... тікелей эфирде жанды дауыста өнер көрсетеді.

Rockstar
IMAGE Rockstar

4. Dazed мұқабасы, Selfridges дүкеніндегі поп-ап және Wynwood Walls мұражайымен біріккен жоба

Сән және өнер саласы бұл релизді толыққанды сән апталығындай қарсы алды. Люсия мен Джейсон британдық Dazed журналының күзгі санының мұқабасын безендірді. Ал бас кейіпкердің киімдерін жұрт нағыз лукбук сияқты талқылап жатыр: онда кез келген жағдайға арналған 30-дан астам образ бар. Мұнда таңғы серуенге арналған Y2K стиліндегі спорттық образ да, алтындай жарқыраған кешкі көйлек те, жолбарыс өрнекті етікпен үйлескен қою қызыл деним жиынтығы да табылады. Тіпті маникюр мен шаш үлгісін егжей-тегжейлі таңдауға болатын сұлулық салоны да қарастырылыпты.

Көп ұзамай бұл толқынға ірі сауда орталықтары, спорт және өнер алаңдары да ілесті. Лондондағы Selfridges әмбебап дүкеніндегі The Corner Shop бөлімінде эксклюзивті поп-ап ашылды. Miami Heat баскетбол клубы Nike және Travis Scott-тың Cactus Jack брендімен бірге Vice City атты арнайы неон формасын ұсынды. Ал Майамидегі аты аңызға айналған Wynwood Walls көше өнері мұражайымен біріккен арнайы топтама шықты. Бұл топтамаға 15 көше суретшісінің (оның ішінде Tristan Eaton, Ron English және D*Face бар) суреттері басылған худи, футболка, жағажай сүлгілері, скетчбуктер мен аксессуарлар кірді. Ең қызығы, бұл суреттер ойындағы Вайс-Сити көшелерінен тікелей көшірілген. Оған қоса, ойындағы 10 жұмыс мұражайдың өз қабырғасын безендірді. Ал Rockstar компаниясы Майамидің барлық тұрғындары үшін Wynwood Walls мұражайына кіруді 2028 жылға дейін тегін етіп, қаржыландырып берді.

Сондай-ақ, ойынның ресми шығуына бір күн қалғанда, ертең, 18 қарашада жергілікті Andrew Miami стритвир-брендінің 20 бұйымнан тұратын арнайы топтамасы сатылымға шығады. Бұл топтаманың жарнамалық ролигін қазақстандық режиссер Медет Шаяхметов түсірген.

5. Вайс-Сити сәулеті, Илон Маскпен болған дау және дискілер дәуірінің аяқталуы

Ойын оқиғасы Леонида атты ойдан шығарылған штатта өрбиді. Бұл – заманауи Флориданың өте шынайы бейнесі. Мұнда Оушен-Драйвтың жұмсақ түсті ар-деко стилі шыны виллалармен және түнгі клубтардың неон жарығымен қатар тұр. Ойынның жаңа бөлімі 1980-ші жылдарды аңсаудың орнына, вирустық роликтер мен тренд қуған қазіргі дәуірді суреттейді. Илон Маск виртуалды қылмысты ұнатпайтындықтан бұл ойынды ойнамайтынын ашық мәлімдеп жатыр. Ал батыс сыншылары бұл жобаны кино, музыка және дизайнның тоғысқан жеріндегі нағыз өнер туындысына теңеп үлгерді.

Rockstar
IMAGE Rockstar

Сонымен бірге бұл релиз технологиялық шекараның кеңейгенін де көрсетеді. Ойын алғаш рет физикалық дискілерсіз тікелей сатылымға шығады. Ал оның трейлерлері бір тәулікте жүз миллиондаған қаралым жинап, гейминг пен үлкен кино арасындағы шекараны одан сайын жойып тастады. Бюджеті 1 миллиард доллардан асатын, алдын ала 15 миллион тапсырыс түскен бұл жоба үшін талас қызу болды. Ойын негізінде кино түсіреміз деген Netflix пен Голливуд студияларының ұсынысын Rockstar кесіп тастады. Өйткені, сарапшылардың пікірінше, бұл ойынның өзі кешкі уақытта көрермен назары үшін стримингтердің ең басты бәсекелесіне айналмақ.