Актриса Вайнона Райдер («Stranger Things», «Bram Stoker's Dracula») A$AP Rocky-дің Punk Rocky әніне түсірілген жаңа туындысына түсті. Видео музыканттың ресми YouTube-арнасында жарық көрді.
Қиял-ғажайып әлемді суреттейтін бейнебаянда көршінің сүйкімді қызы кейпіндегі Вайнона Райдер, басында Бивис пен Баттхед бейнеленген футболкасы бар, шезлонгта жидек жеп, музыка ырғағымен тербеліп отырады. Оның дәл қасында телефонмен айқайлап сөйлескен бұлшықетті серігі көрсетілген. Оқиға желісі дами келе, A$AP Rocky мен оның достарына дәмді печенье ұсынып, олармен бірге биге басқан Вайнонаның бұл әрекеті серігінің ызасын тудырады. Ақыры төбелеске ұласқан жанжалдың соңы A$AP Rocky-дің темір торға қамалуымен аяқталады. Тәртіп сақшылары музыкантты полиция көлігіне күштеп мінгізіп жатқан сәтте, оның басындағы қызғылт бигудиі мен соққыдан ісіп кеткен оң көзінің «ән салғаны» бейнебаянға ерекше тылсым сипат береді.

Бұл композиция A$AP Rocky-дің 2026 жылғы 16 қаңтарда жарық көреді деп күтіліп отырған «Don't be Dumb» атты жаңа альбомының құрамына енген. Орындаушының соңғы сегіз жылдағы алғашқы толық форматты туындысы болып табылатын бұл альбомның мұқабасын аты аңызға айналған Тим Бёртон безендірген.
