Lifestyle|Entertainment

Уилл Смит Дубайда қазақтың ұлттық шапанын киді

Автор Tatler Kazakhstan
11.01.2026
Уилл Смит | Кинопоиск
IMAGE Уилл Смит | Кинопоиск
Трэвел-блогер Дастан Мұхамедрахым «Men in Black», «Seven Pounds» және «King Richard» фильмдерінің жұлдызын Дубайда жолықтырып, оған сахна төрінде шапан жапты

«Оскар» сыйлығының иегері Уилл Смит қазақтың ұлттық шапанын иығына ілді. Бұл ерекше сәт Instagram-да Қазақстан табиғаты туралы әсерлі видеоларымен танымал блогер Дастан Мұхамедрахымның арқасында жүзеге асты.

Актер Дубайға өзінің «Pole to Pole with Will Smith» атты деректі фильмін таныстыру үшін келген болатын. Туындыда Смиттің 100 күнге созылған, Антарктиданың мұзды алқаптарынан бастап Амазонка ормандары мен Гималай шыңдарына дейінгі әлемдік саяхаты баяндалады. Әйгілі Болашақ мұражайында (Museum of the Future) сөз сөйлеген актер Дубайдың инновациялық қарқынына тәнті болғанын жасырмады.

Дастан Мұхамедрахым (@bydastann) Голливуд жұлдызын Instagram танымал блогерлер үшін ұйымдастырған шарада жолықтырған. Қазақстандық өкіл өзімен бірге арнайы ала келген шапанын актер сахнаға шыққан сәтте тарту етті. Бірінші қатарда отырған Дастанның сыйын Уилл Смит ықыласпен қабылдап, шапанды бірден иығына жауып, естелікке суретке түсті

«Pole to Pole with Will Smith» деректі сериалының әлемдік премьерасы 2026 жылдың 13 қаңтарында National Geographic арнасында өтеді. Одан кейін, 14 қаңтарда, туынды National Geographic Abu Dhabi арнасында көрсетіліп, Disney+ платформасында эксклюзивті түрде қолжетімді болады.

Дастан Мұхамедрахым – Қазақстан табиғатының таңғажайып көріністерін ерекше атмосферамен түсіретін, миллиондаған оқырманы бар танымал блогер. Оның жарияланымдарының астында әлемнің түкпір-түкпірінен келген қолданушылардың таңданысқа толы пікірлерін жиі кездестіруге болады. Көптеген шетелдік жанкүйерлер Дастанның бейнебаяндары арқылы Қазақстанның қайталанбас табиғатын алғаш рет ашып, оған тәнті болғандарын жасырмайды.