25-наурызда түрік құқық қорғау органдары танымал жұлдызды қамауға алу туралы санкция алғаны белгілі болды. Бұл туралы Sabah басылымы хабарлады.
БАҚ мәліметтеріне сүйенсек, өнер иесі есірткінің заңсыз айналымына қатысты қозғалған қылмыстық іске қатысы бар болуы мүмкін. Қазіргі таңда актрисаға айғақ беру үшін прокуратураға келу және тиісті медициналық сараптамалардан өту міндеттелді.
Аталған іс бойынша тыйым салынған заттарды сақтады және таратты деген күдікке іліккен барлығы 16 адам тергелуде. Олардың арасында түрік элитасы мен шоу-бизнесінің танымал өкілдері бар:
- Хақан Сабанжы мен Керім Сабанжы – елдегі ықпалды әулеттің мұрагерлері;
- Фикрет Орман – «Бешикташ» футбол клубының бұрынғы президенті;
- Бурак Эльмас – «Галатасарай» футбол клубының бұрынғы президенті;
- Ферхат Айдын (футболшы);
- Тугче Озбудак (актриса);
- модельдер Дидем Сойдан мен Гюзиде Дюран.
Түрік басылымдары бұл тергеу амалдарын қазіргі уақытта іздеуде жүрген кәсіпкер Қасым Гарипоғлының ісімен байланыстырады. Тергеу болжамына сәйкес, күдіктілердің көбі Босфорда өткен жабық кештерге қатысып, сол жерлерде есірткі заттары таратылған болуы мүмкін.
Ханде Ерчел жағдайға қатысты әлеуметтік желідегі парақшасында пікір білдірді. Сот шешімі туралы жаңалықтардан білгенін және сол сәтте оқуына байланысты шетелде жүргенін айтқан актриса, тергеуге көмектесу үшін Түркияға дереу оралатынын жеткізді.

«Мен өз елімді сүйетін, мемлекетіме және түрік әділ сотына сенетін адаммын. Бұл мәселенің жақын арада оң шешімін табатынына сенемін», — деп атап өтті ол.
Түрік шоу-бизнесі өкілдерінің мұндай шулы істерге араласуы бірінші рет емес. Бұған дейін полиция назарына «Күлімкөк шәрбаты» (Kızılcık Şerbeti) сериалының актері Догукан Гюнгер мен «Ерте оянған құс» (Erkenci Kuş) жобасының жұлдызы Джан Яман да іліккен еді.
Ханде Ерчел 1993-жылы 24-қарашада Бандырма қаласында дүниеге келген. Кинодағы жолын 2012-жылы «Бозторғай» сериалынан бастаған ол көп ұзамай түрік телеарналарының ең танымал актрисаларының біріне айналды.

