Lifestyle|Entertainment

Цифрлық әлемдегі қазақтың классикасы. Ахмет Жұбановтың музыкасы алғаш рет стримингке жол тартты

АвторыВиолетта Тельманова
20.10.2026
Ахмет Жұбанов | e-history.kz ресми сайты
IMAGE Ахмет Жұбанов | e-history.kz ресми сайты
Көрнекті композитордың шөбересі Жәңгір Жұбанов атасының скрипка мен фортепианоға арналған шығармаларын заманауи үнтаспаға басып, цифрлық кеңістікке шығармақ

Бұл тарихи жобаны жүзеге асыруды скрипкашы Жәңгір Жұбанов пен пианист Ерназар Ғимарат өз мойнына алған. Жаңа альбом композитордың биылғы 120 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс шығып отыр, ал оның тұсаукесері 24 қазанға белгіленген. Бұл идея Жәңгірдің елге оралған кезінде туындапты. Ол Ақтөбе мен Оралда атасының еске алу кештерін ұйымдастыру барысында композитордың бірде-бір шығармасы цифрлық платформаларда жоқ екенін байқаған.

«Spotify желісін ашып қарасам, бірде-бір жазба таппадым. Сонда бұл мұраны цифрлық кеңістікке шығару ісінің тым кешеуілдеп қалғанын ұғындым. Ахмет Жұбановтың музыкасын кез келген адам тыңдай алатындай етіп, тез арада көпшілікке қолжетімді ету керек болды»,

- Жәңгір Жұбанов -

Үнтаспа Құрманғазы атындағы консерваторияның Үлкен залында жазылған. Ал оны өңдеу жұмыстарын скрипкашы дыбыс режиссері Никита Малюховпен бірлесіп атқарыпты. Жұмыс барысында музыканттар кейбір шығармалардың аранжировкасын архивте сақталған ескі ноталардан іздеп тапса, енді бірін заманға сай етіп өздері жаңадан жазып шыққан.

Баспасөз қызметі мұрағатынан
IMAGE Баспасөз қызметі мұрағатынан

Австрияда 12 жыл өмір сүрген Жәңгір үшін бұл альбом жай ғана музыкалық жинақ емес, өз отбасының тарихымен қайта қауышу әрі Қазақстанға біржолата көшіп келудің алғашқы қадамы болды.

«Бұл жобаның мен үшін орны бөлек. Қазақстанға көшуді жоспарлап жүргендіктен, осы альбом менің жаңа өмірімнің алғашқы баспалдағына айналды. Мен мұқабада Ахмет Қуанұлының жас кезін көрсеткім келді. Өйткені ол да сол кезде өзінің үлкен жолын енді ғана бастаған еді, дәл қазір мен де сондай жаңа жолдың басында тұрмын».

- Жәңгір Жұбанов -

Альбомның ресми тұсаукесері 24 қазан күні сағат 18:00-де Алматыдағы Almaty Museum of Arts мұражайының Art Street алаңында өтеді. Бұл кеште Жәңгір Жұбанов пен Ерназар Ғимарат альтшы Әділ Кәрімов, дирижер Аршат Шәріп және Giovani Talenti камералық оркестрімен бірге сахнаға шығып, шығармаларды көрермен алдында тікелей орындайды. Бағдарламада Ахмет Жұбановтың туындыларынан бөлек, Гендель, Хальворсен, Вивальди, Крейслер және Арво Пярттың өлмес классикасы да орындалмақ.

Концертке кіру тегін, тек алдын ала тіркелу қажет (орындар саны шектеулі). Сонымен қатар, бұл ұжым Ахмет Жұбанов атындағы қордың жұмысын қайта жандандырып, композитордың басқа да шығармаларына жаңа аранжировкалар жасауды жоспарлап отыр.