Lifestyle|Entertainment

«Целинный» орталығында Қазақстандағы инклюзивті музыка ортасын дамытатын алғашқы кәсіби концерт өтеді

АвторыTatler Kazakhstan
19.04.2026
«Целинный» заманауи мәдениет орталығы, 2018 жыл
IMAGE «Целинный» заманауи мәдениет орталығы, 2018 жыл
Бұл – мүмкіндігі әртүрлі музыканттардың тең дәрежеде өнер көрсетуіне жағдай жасау үшін білім беру, бірлескен шығармашылық, концерттер мен заманауи технологияларды біріктіруді көздейтін «Шексіз әуен» жобасының бір бөлігі

Алматыда мүмкіндігі әртүрлі орындаушылардың қатысуымен заманауи академиялық музыканың Қазақстандағы алғашқы кәсіби концерті өтеді.

Инклюзивті музыка ортасын дамытатын бұл шара «Шексіз әуен» жобасы аясында ұйымдастырылып отыр. Оның басты мақсаты – оқыту процесін, бірлескен шығармашылық пен заманауи технологияларды біріктіре отырып, мүмкіндігі әртүрлі музыканттардың сахнада тең дәрежеде жұмыс істеуіне жағдай жасау.

Жобаның басты оқиғасы – заманауи және барокко музыкасына арналған үлкен концерт. Ол небәрі бір рет қана өтіп, осы алаңда ұйымдастырылған алғашқы академиялық концерт болмақ. Бағдарлама аясында Қазақстанда бұрын-соңды орындалмаған жаңа туындылармен қатар, ерекше қажеттілігі бар композиторлардың шығармалары да шырқалады.

Музыкалық кешке шотландиялық композитор әрі музыкант Бен Лун, Аршат Шәріп жетекшілік ететін камералық оркестр және зағип әнші Айсұлу Тұрымбек бастаған солистер қатысады. Өнер көрсету барысында генеративті технологиялардың көмегімен жасалған арнайы визуалды қатар қолданылады.

Жоба British Council және «Целинный» орталығының қолдауымен, сондай-ақ Music Unbound (Қазақстан) бастамасы мен Drake Music Scotland ұйымының бірлесуімен жүзеге асырылып отыр.

Сондай-ақ жоба аясында бірқатар білім беру шаралары жоспарланған: 28 сәуірде адаптивті музыкалық технологиялар бойынша воркшоптар өтсе, 29 сәуірде ерекше қажеттілігі бар оқушылармен жұмыс істейтін оқытушыларға арналған шеберлік сағаты ұйымдастырылады.

Ал қорытынды концерт 30 сәуір күні сағат 19:30-да «Целинный» орталығында өтпек.