Америкалық актер және продюсер Том Круз кинематографқа қосқан зор үлесі үшін көптен күткен «Оскар» сыйлығын иеленді. Осы орайда, актердің тарихта қалған 5 әйгілі киносәтін еске түсірейік
Variety басылымының хабарлауынша, 16 қарашада Том Круз көптен күткен мүсіншеге қол жеткізді. Марапатты оған әйгілі режиссер Алехандро Г. Иньярриту табыстады.
Салтанатты шарада аңызға айналған актер кинематографты жасауға атсалысқан жандардың бәрін атап өтіп, тебіреністі сөз сөйледі:
«Кино – мен үшін бүкіл әлемге ашылған есік іспетті. Ол маған адамдардың алуан түрлілігін бағалап, оларға құрметпен қарауды үйретеді. Сонымен қатар, ол біздің адами болмысымыздың бір екенін, бәріміздің ұқсас жақтарымыз көп екенін ұғындырады. Қай жерден, қандай ортадан шықсақ та, кинотеатр залында біз бірге күлеміз, бірге тебіренеміз, бірге үміттенеміз. Өнердің бұл түрінің құдіреті де – осы бірлікте. Сондықтан да киноның орны бөлек, сондықтан да ол мен үшін аса қымбат. Кино түсіру – мен үшін жай ғана кәсіп емес, бұл – менің өмірімнің мәні, менің болмысым».
Айта кетейік, Круз бұған дейін «Оскар» сыйлығына төрт рет ұсынылған болатын:
- «Born on the Fourth of July» – үздік ер адам рөлі үшін;
- «Джерри Магуайр» – үздік ер адам рөлі үшін;
- «Магнолия» – екінші пландағы үздік ер адам рөлі үшін;
- «Top Gun: Maverick» – үздік продюсерлік жұмысы үшін.
Ендеше, Томның осы мәртебелі мүсіншеге қол жеткізуіне септігін тигізген бес тарихи сәтті еске түсірейік.
Орталық барлау басқармасындағы (ЦРУ) сахна («Mission: Impossible», 1996 жыл)
Итан Хант (Том Круз) арқанмен сейфке түсіп, ЦРУ ғимаратының қақ жүрегіне енеді. Бұл сәт көрерменді тырп еткізбей ұстап тұратын шиеленісімен әйгілі. Дәл осы сахна Круздың трюктарды өзі орындауға дайын екенін көрсетіп, бүкіл франшизаның бағыт-бағдарын айқындап берген еді.

Жойғыш ұшақпен ұшу («Top Gun», 1986 жыл)
Басты кейіпкер, лейтенант Пит «Мэверик» Митчелл, F-14 Tomcat жойғыш ұшағының ұшқышы. Бұл фильм 1980 жылдардағы ең табысты туындылардың біріне айналды. Ол Крузды батыл әрі өр мінезді ұшқыш бейнесі арқылы атыс-шабыс фильмдерінің басты қаһарманы ретінде танытты.

Мотоциклдегі сахна («Mission: Impossible 2», 2000 жыл)
Итан Хант Аустралия жолдарында мотоциклмен жүйткіп, қуғыннан қашады. Тынысыңды тарылтатын оқиға, ғажап мотоцикл және, әрине, көз тартарлық трюк «Mission: Impossible» франшизасының тағы бір жарқын сәтіне айналды.

Жейдемен билеу («Risky Business», 1983 жыл)
Джоэл Гудсен (Том Круз) қонақ бөлмеде жейдемен билеп, Old Time Rock and Roll әнін орындайды. Бұл сәт жастар мәдениетінің айрықша белгісіне айналып, Крузға Голливудтың басты жұлдыздарының қатарына қосылуға жол ашты.

Ғимараттан қашу («Mission: Impossible – Ghost Protocol», 2011 жыл)
Итан Хант басқару орталығына жету үшін әлемдегі ең биік ғимарат – Бурдж-Халифаның қасбетімен жоғары өрмелейді. Бұл сахна кино тарихындағы ең әсерлі трюктардың бірі саналады. Ол Круздың керемет физикалық дайындығын паш етіп, әлі күнге дейін аңыз болып қала береді.

