Том Харди «Гангстерленд» сериалының екінші маусымына түсіп біткен соң, актерлік мансабында ұзақ үзіліс жасауды жоспарлап отыр. Бұл туралы The Sun басылымы жазды.
Жұлдыздың мұндай шешім қабылдауына денсаулығының сыр беруі себеп болған. Бұған дейін ол тізесіне екі рет ота жасатқан. Одан бөлек, актер жарық, ишиас, сондай-ақ табан сіңірлерінің қабынуынан қатты зардап шегіп жүр.
Осымен қатар, түсірілім алаңындағы кикілжіңдер туралы да ақпарат тарады. Дереккөздердің айтуынша, Хардидің әріптесі, 80 жастағы Хелен Миррен оның үнемі кешігіп келетініне, түсірілім кезінде телефонынан бас алмайтынына қатты шүйліккен көрінеді.
Инсайдерлердің сөзіне сенсек, Харди кейде «ашуға мініп, өзін патша секілді ұстайды» екен. Бұл оның аты аңызға айналған актрисаны әдейі арандатып жүргендей әсер қалдырады.
