Lifestyle|Entertainment

Тау жарысы, Одиссея фильмі және мұражайдағы концерт: 23-26 шілде күндері Алматыда қайда барған жөн?

АвторыTatler Kazakhstan
22.07.2026
«Одиссея» фильмінен көрініс | IMDb
IMAGE «Одиссея» фильмінен көрініс | IMDb
Первомай тоғандарындағы жазғы фестиваль, Кристофер Ноланның жаңа фильмі, жас музыканттардың концерті және Ә.Қастеев мұражайындағы көрме. Осы аптада қалада өтетін ең қызықты іс-шаралар тізімімен таныс болыңыздар

«Одиссея»

  • Қашан: 23 шілдеден бастап
  • Қайда: Алматы кинотеатрларында
  • Билет құны: 1200 теңгеден бастап

Биылғы жылдың ең көп күтілген туындыларының бірі – режиссер Кристофер Ноланның ежелгі грек эпосы желісімен түсірген жаңа фильмі. Картина Троя соғысынан кейін әйелі Пенелопаға оралу үшін қауіпті сапарға аттанған Итака патшасы Одиссейдің хикаясын баяндайды. Басты кейіпкер жол бойы көптеген қиындықтарға тап болады. Циклоптар, сиреналар және басқа да мақұлықтармен кездесу оның өз еліне оралу сапарын төзімділік пен адалдықты сынайтын, адам жанының түкпіріне үңілдіретін терең мағыналы хикаяға ұластырады. Басты рөлдерді Мэтт Дэймон, Том Холланд, Энн Хэтэуэй, Роберт Паттинсон, Зендея, Шарлиз Терон сияқты танымал актерлер сомдаған.

Билеттер

«Одиссея» фильмінің постері | IMDb
IMAGE «Одиссея» фильмінің постері | IMDb

«Жад бедері» көрмесі

  • Қашан: 24 шілде – 23 тамыз
  • Қайда: Ә.Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік өнер музейі
  • Билет құны: 300 теңгеден бастап

Ә.Қастеев атындағы өнер музейінде қазақстандық суретші Аруханның (Гаухар Бисенғалиева) «Жад бедері» (Matter of Memory) атты жеке көрмесі ашылады. Суретші бұл көрме арқылы жад, уақыт және мәдени мұра ұғымдарын киіз, дала шөптері сияқты табиғи заттардың көмегімен терең зерделейді. Ол адамның естелігін кәдімгі физикалық процесс ретінде қарастырады. Мәселен, Арухан киізді табиғи жолмен ескіртудің өзіндік әдісін тапқан. Осы техниканың арқасында қарапайым киіз түрлі өзгерістер мен тарихты бойына сіңірген тұтас бір шежіреге, яғни мұрағатқа айналған. Көрме кураторы – Ақжарқын Құмарбаева.

Del Papa × COPA Community Run жарысы

  • Қашан: 25 шілде, 07:30
  • Қайда: Del Papa Medeu, Керей-Жәнібек хандар көшесі, 640/4
  • Билет құны: кіру тегін, бірақ тіркелу қажет

25 шілде күні таңертең Del Papa және COPA Community ұйымдастыруымен тау бөктерінде жүгіру жарысы өтеді. Жарыс жолының ұзындығы 12,5 шақырымды құрайды, ал бағыт шамамен 600 метр биіктікке көтеріледі. Бағыт Del Papa Medeu мейрамханасының жанында аяқталады. Мұндағы басты мақсат – бірінші келу емес. Сондықтан жарыста жылдамдық қуудың қажеті жоқ, әркім өзіне ыңғайлы қалыпта жүгіре береді. Ең бастысы – таза ауада қозғалыс жасап, көпшілікпен бірге ерекше көңіл күйді бөлісу. Жүгіріп келген қатысушылар Del Papa Medeu мейрамханасына жиналып, DJ әуенімен ұзындығы екі метрлік алып пиццадан дәм татады.

«Өнер әуендері»: жас музыканттар концерті

  • Қашан: 25 шілде
  • Қайда: Almaty Museum of Arts, Әл-Фараби даңғылы, 28
  • Билет құны: музейге кіру билетімен тегін

«Өнер әуендері» жобасы аясында Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының жас музыканттары концерт береді. Кеш барысында халықаралық байқауларда топ жарып жүрген дарынды баяншылар қазақ және шетел композиторларының туындыларын орындайды. 

Toyla Music Festival 2026

  • Қашан: 25 шілде, 15:00-23:00
  • Қайда: Первомай тоғандары, Первомай өнеркәсіптік аймағы, 11Б
  • Билет құны: 25 000 теңге

Биыл сахна төріне шетелдік және отандық өнер жұлдыздары шығады. Кештің басты қонақтары қатарында британиялық Hurts тобы, ресейлік АИГЕЛ дуэті мен Pompeya инди-тобы, сондай-ақ әнші Шура бар. Ал отандық өнерпаздардан dudeontheguitar және meow! dammit шығады. Ашық аспан астында өтетін бұл қалалық мереке қонақтарға нағыз қазақы тойдың атмосферасын сыйламақ.

Билеттер