Жаңа номинация K-pop (корей поп-музыкасы), J-pop (жапон поп-музыкасы) және C-pop (қытай поп-музыкасы) жанрларында жұмыс істейтін әртістерге арналып құрылған. Бұл санатқа азиялық музыка нарығына арнайы жазылған немесе сол аймақта кеңінен танылған әндер мен жазбалар қатыса алады. Басты шарттардың бірі – туындыда бір немесе бірнеше азиялық тілдің қолданылуы.
«Грэмми» премиясын ұйымдастырушы The Recording Academy өкілдерінің айтуынша, жаңа категорияның пайда болуы азиялық поп-музыканың әлемдік музыка индустриясына тигізіп жатқан орасан зор ықпалымен байланысты. Соңғы жылдары K-pop пен басқа да азиялық жанрларға деген қызығушылық Азия шекарасынан әлдеқашан асып кетті. Әртістер стадиондар жинап, әлемдік чарттарда көш бастап, миллиондаған тыңдарманның жүрегін жаулап жүр. Бұл ретте, жаңа номинация азиялық әртістердің «Грэммидің» басқа санаттарына қатысуына еш шектеу қоймайды. Олар бұрынғыдай премияның басты марапаттарынан да, жанрлық номинациялардан да үміткер бола алады.
Азиялық поп-музыка санатынан бөлек, «Грэмми» биыл тағы төрт жаңа номинацияны қосады: «Үздік латынамерикалық ән», «Үздік дәстүрлі поп-вокалдық орындау», «Үздік R&B ынтымақтастық» және «Үздік дәстүрлі фолк-альбом». 69-шы Grammy Awards марапаттау рәсімі 2027 жылдың 7 ақпанында өтеді. Академия бұл жаңа санаттар заманауи музыка индустриясының бейнесін дәлірек ашып, әлемнің түрлі аймақтары мен жанрларынан шыққан әртістердің жетістіктерін лайықты бағалауға көмектеседі деп есептейді.
Естеріңізге салсақ, 2026 жылдың ақпан айында тарихта тұңғыш рет K-pop стиліндегі ән «Грэмми» жүлдесін жеңіп алған болатын. Бұл Netflix-тің «K-Pop: Жын аулаушылар» анимациялық фильміндегі ойдан шығарылған Huntr/x тобы орындаған Golden композициясы еді.
