Lifestyle|Entertainment

Сұрапыл суық, шайқас пен кең дала: Санжар Мәдимен «Тамерлан» фильмі туралы сұхбат

АвторыВиктория Лебедева
09.04.2026
Санжар Мәди ұсынған фотосуреттер
IMAGE Санжар Мәди ұсынған фотосуреттер
9 сәуір күні үлкен экрандарға Netflix-тің қолдауымен Өзбекстан, Қазақстан және АҚШ елдері бірлесіп түсірген «Тамерлан. Восхождение последнего завоевателя» (Tamerlane: Rise of the Last Conqueror) атты жаңа кинотуынды жол тартады. Сюжет желісі Түркі әлемінің ең күрделі әрі қайшылықты тұлғаларының бірі, Темір әулеті империясының негізін қалаушысы – Әмір Темірдің тағдырына негізделген. Осынау айбынды тарихтың қалай таспаланғаны туралы Tatler басылымы Тамерланның айнымас сенімді серігінің рөлін сомдаған қазақстандық танымал актер Санжар Мәдимен әңгімелескен еді

«Тамерлан. Восхождение последнего завоевателя» – бұл Ақсақ Темір тұлғасына мүлдем жаңа қырынан үңілуге мүмкіндік беретін ауқымды тарихи хикая. Режиссер Джейкоб Шварц әлем тарихында аты қалған қатыгез жаулаушының үйреншікті бейнесін емес, керісінше, ішкі арпалысқа толы, жеке трагедиясы мен билікке деген ерік-жігері қатар өрілген жан дүниесін көрсетуге тырысады.

Фильмнің негізгі актерлік құрамына Кристиан Мортенсен («Морская полиция: Лос-Анджелес»), Махеш Джаду («Марко Поло»), Юлдуз Раджабова («Привет, папа», «Основание: Осман»), Санжар Мәди («MEOW», «Марко Поло»), Еркебұлан Дайыров («Шлагбаум», «№37»), Мақсат Сәбитов («Ауру», «Дос-Мукасан»), Асан Мәжит («Коба», «MEOW», «№37») және Джошуа Джо («Джек Райан») секілді нағыз шеберлер жиналған.

Санжар Мәди ұсынған фотосуреттер
IMAGE Санжар Мәди ұсынған фотосуреттер

Жобаның Netflix-ке қандай қатысы бар? Режиссер түсірілімді Қазақстанда немесе АҚШ-та емес, неліктен негізінен Өзбекстанда өткізуді жөн көрді?

Менің білуімше, бұл – Өзбекстан мен Netflix арасындағы өзара келісімнің нәтижесі. Netflix өкілдері Қазақстанға бірнеше рет ат басын бұрғанымен, ортақ мәмілеге келе алмады. «Неге Өзбекстан?» десеңіз, бұл – солардың тікелей тапсырысы, бірақ Netflix-тің қаржысына түсірілді. Тарихқа терең бойламай-ақ қояйын, бірақ көрші елде Әмір Темірдің беделі өте биік, ол өзбектер үшін ең қастерлі тұлға болып саналады. Қазақстанда, Алматы маңында фильмнің тек шағын бөлігі ғана түсірілді. Ол – шешуші шайқас сахнасы еді. Ал түсірілімнің неліктен АҚШ-та болмағаны айтпаса да түсінікті шығар. Дегенмен, режиссерден бастап дыбыс маманына дейін бүкіл түсірілім тобы Америкадан келді.

Бір нәрсені ескеру керек: бұл – Netflix-тің төл жобасы емес, олар тек демеушілік жасаған туынды. Иә, басында «Тамерлан» фильмі Netflix-те көрсетіледі деп айтылған еді. Бірақ содан бері үш жыл өтті, жоспар біраз өзгерген сияқты. Енді фильм алдымен кинотеатрларда, ТМД елдерінде және әлемдік прокатта көрсетіледі.

Қазақстандық студиялар мен Netflix-тің жұмыс істеу мәнерінде қандай айырмашылықты байқадыңыз?

Бұған Малайзияда түсірілген «Марко Поло» (2014-2016 жылдары Netflix-те шыққан, басты рөлде Лоренцо Рикельми ойнаған сериал – Tatler) жобасын мысалға келтірсем болады. Сол кезде кино түсірудің шынайы ауқымы сезілді десем болады. Барлық декорация, киім мен реквизиттер Джохор-Барудағы Pinewood студиясының павильонында біздің көз алдымызда жасалып жатты. Қаржыны ештеңеден аяған жоқ. Тіпті түсірілім алаңына келген Харви Вайнштейнді де (сексуалдық қысым көрсеткені үшін сотталып, MeToo қозғалысының символына айналған, кезінде Голивудтың ең ықпалды продюсерлердің бірі – Tatler көрдім. Өкінішке қарай, біздің студиялармен салыстырғанда айырмашылық жер мен көктей. Әрине, бұл жерде бюджеттің дұрыс игерілуі де үлкен рөл атқарады.

Санжар Мәди ұсынған фотосуреттер
IMAGE Санжар Мәди ұсынған фотосуреттер

Түсірілім барысы туралы айтып берсеңіз: ең қиын сәттер қандай болды? Есіңізде не қалды?

Тарихи фильм түсірудегі ең үлкен сынақ – түсірілім алаңы, киім және тамақ мәселесі. Түсірілім орны табылды делік, бірақ киімдері өте ауыр, көпқабатты әрі ыңғайсыз болады: түнде сүйектен өтетін суық болса, күндіз ішінде пісіп кетесің. Бірақ бұл – біздің жұмыстың үйреншікті қиындықтары. Ал тамақты жергілікті аспаздардан алып, аптап ыстықта айдалаға жеткізу керек. Көбіне жолда бұзылып кетеді. Біз тіпті бүкіл топ болып Үргеніш қаласында ауыз судан зардап шектік. Кейін білгеніміздей, ол жақтың топырағында тұз көп болғандықтан, суы өте нашар екен. Жағдайымыздың қиындағаны сонша, түсірілім тоқтап қала жаздады. Тек таңнан кешке дейін сырадан басқаны аузына алмаған британдық актер ғана «аман» қалды.

Есімде қалғаны – соңғы «жаңбыр астындағы шайқас». Оны екі күн бойы түсірдік. Күндіз +35° ыстық болғанымен, шайқастың нағыз қызған кезінде күн кенеттен суытып кетті. Үстімізге толассыз су шашып жатыр, аяғымыз белшеден балшық, ысқырыған желден қолымыз мұздап, ештеңе сезбей қалдық. Қызығы, түсірілімді аяқтаған сәтте жарқырап күн шыға келді.

Санжар Мәди ұсынған мұрағаттан
IMAGE Санжар Мәди ұсынған мұрағаттан
Санжар Мәди ұсынған мұрағаттан
IMAGE Санжар Мәди ұсынған мұрағаттан

Фильмдегі грим мен костюмдер жайлы айтып берсеңіз?

Киімді арнайы шақтап көру шаралары болған жоқ. Саудагер киімінің 4-5 нұсқасын бір-бірімен үйлестіріп кидім. Шапан шынайы көрінуі үшін оның астына қосымша қабаттар тігуге тура келді. Белдік, қын, жүзік пен әшекейлерді экрандағы ағаттықтар болмас үшін әр жолы мұқият қайталап тағып жүрдік.

Басты рөлдерде (бас әйел рөлін ойнаған Юлдуз Раджабованы санамағанда) Қазақстан немесе Өзбекстан актерлері емес, негізінен шетелдіктердің ойнағанына қалай қарайсыз?

Мен де бұл сұрақты түсірілім кезінде продюсерге қойғанмын. Өзбекстанның тапсырысымен түсірілген фильмде өз актерлерінің неге аз екенін шынымен білгім келді. Ол бірден ашық айтты: олардың кино саласы әлі де болса дене бітімі шымыр әрі келіскен, шебер ойнай алатын және бірнеше тіл білетін мұндай деңгейдегі актерлерді тауып бере алмайды екен.

Фильм ағылшын және шағатай тілдерінде түсірілді. Ағылшын тілінен қиындық болған жоқ, ал шағатай тілін сахна алдында 30 минут ішінде жаттауға тура келді, өйткені мәтінді түсірілім басталмас бұрын ғана беретін. Айтпақшы, мынандай бір қызық жағдай болды: осы түсірілім кезінде мені өзбектің бір ұлттық қаһарманының рөліне шақырды (түсірілім Беларусьте өтуі керек еді), бірақ мен бас тарттым. Мұным дұрыс болмас деп шештім.

Санжар Мәди ұсынған мұрағаттан
IMAGE Санжар Мәди ұсынған мұрағаттан

Сіз Темірдің адал серігі Жасұрдың рөлін сомдайсыз. Оның фильм желісіндегі орны қандай?

Фильмді әлі көрген жоқпын, сондықтан соңғы монтажға не енгенін айту қиын. Бірақ менің білетінім: кейіпкерім бұрын әскери адам болған, бірақ тағдыр тауқыметімен саудагерлікке ауысқан. Ол Әмір Темірді ажалдан құтқарып, соңынан еретін маңызды тұлғалардың бірі.