Lifestyle|Entertainment

Софи Кинселла өмірден озды

Автор Tatler Kazakhstan
10.12.2025
Софи Кинселла, 2018 жыл | Photo by David Levenson / Getty Images
IMAGE Софи Кинселла, 2018 жыл | Photo by David Levenson / Getty Images
Жазушы 55 жасында дүние салды. Соңғы жылдары ол ми қатерлі ісігінің агрессивті түрімен күресіп келген еді

«Шопоголик» кітабының авторы Софи Кинселла 10 желтоқсан күні таңертең 55 жасында көз жұмды. Бұл қаралы хабарды жазушының отбасы оның Instagram парақшасында жариялады. 2022 жылы дәрігерлер оған мидың қатерлі ісігі деген диагноз қойған болатын, соңғы жылдары ол осы дерттің агрессивті түрімен күресіп келді.

«Ол тыныш, бейбіт түрде өмірден өтті. Соңғы күндері ол өзі жанындай жақсы көретін жандардың ортасында: отбасы, музыка және Рождество мерекесінің жылы атмосферасына бөленіп жатты. Біз оның нұры мен өмірге құштарлығынсыз бұл әлемнің қандай боларын елестете де алмаймыз. Дертінің ауырлығына қарамастан, оны асқан ерлікпен қабылдаған Софи өзін нағыз бақытты адам санады – өйткені оның керемет отбасы, адал достары және табысты жазушылық мансабы болды. Ол ештеңені жай ғана қабылдамай, өзіне көрсетілген махаббат пен қолдау үшін әрдайым алғысын білдіріп отыратын», – делінген отбасының мәлімдемесінде.

Софи Кинселла 1969 жылы Лондонда дүниеге келген. Шын есімі – Мадлен Софи Уикхэм. Ол Оксфорд университеті жанындағы Нью-колледждің музыка бөліміне оқуға түсіп, кейін бағытын өзгертіп, философия, саясат және экономика салаларын терең зерттеді. Оқу бітірген соң Мадлен Софи Уикхэм қаржы тақырыптарына жазатын журналист болып жұмыс істеді. Алайда, өзінің айтуы бойынша, бұл сала оған тым зеріктіргіш болып көрінгендіктен, ол қызметінен кеткен.

24 жасында Уикхэм өзінің «The Tennis Party» атты дебюттік романын жазды. Шығармада демалыс күндері әуесқой теннис турниріне қатысатын достар тобы туралы баяндалады. Кейіннен оның өз атымен тағы алты роман жарық көрді, олардың қатарында «Cocktails for Three», «Қалыңдық» (The Wedding Girl), «Испан демалысы» (A Desirable Residence) және «Жүрек жаулаушы» (The Gatecrasher) бар.

2000-жылдардың басында Софи Уикхэм баспаларға өзінің жаңа романы – «Шопоголиктің құпия әлемі» (The Secret Dreamworld of a Shopaholic) қолжазбасын жібере бастайды. Бұл кітапқа ол Софи Кинселла деген бүркеншік атпен қол қойған еді. Бас кейіпкер Бекки Блумвуд – компульсивті сауда жасау дертіне шалдыққан қаржы журналисі. Кітап басылып шығып, кейін 10 романнан тұратын топтаманың алғашқы бөліміне айналды.

2003 жылы Уикхэм «Шопоголикке» қатысы жоқ, бірақ Софи Кинселла лақап атымен жазылған басқа романдарын жариялай бастады. Осылайша «Сыр сақтай аласың ба?» (Can You Keep a Secret?), «Remember Me?», The Undomestic Goddess» және «Шақырылмаған қонақ» (The Party Crasher) жарыққа шықты. Бұған қоса, Уикхэм «Менің анашым – пері» (Mummy Fairy and Me) (2018–2020) атты балалар сериясының авторы атанды. 2015 жылы ол әлеуметтік үрейден зардап шегетін жасөспірім қыз туралы «Одриді іздеу» (Finding Audrey) романын жариялады.

Оның романдары бірнеше рет экрандалды. «Шопоголиктің құпия әлемі» желісі бойынша 2009 жылы Айла Фишер мен Хью Дэнси басты рөлді сомдаған «Шопоголик» фильмі түсірілді. Ал 2019 жылы экранға «Сыр сақтай аласың ба?» фильмі шықты. Ондағы басты рөлдерді Александра Даддарио мен Тайлер Хэклин сомдаған болатын.