1,5 миллион оқырманы бар әлеуметтік желідегі парақшасында Габбриетт күйеуімен түскен романтикалық кадрларын жариялап, француздық Matières Fécales бренді дайындаған бірнеше той образын көрсетті. Олардың қатарында – ұзын фатасы бар шілтерлі ақ көйлек, модельдің той алдындағы кешке таңдаған қара түсті қынама көйлегі, сондай-ақ қысқа балақты шалбар, топ, қалпақ және қауырсынды аксессуарлардан тұратын ерекше ақ костюм бар.


Бұл киімдер француз брендінің алғашқы той жобасы болды. Модель жолдасымен түскен нәзік кадрлардан бөлек, шілтерлі маска, ішкі киім және биік өкшелі туфлимен түскен батыл суреттерін де жүктеді. Оған қоса, көпшілік назарына денесін тек фатамен ғана жауып түскен кадрлар да ұсынылды.
Бұл жарияланымға пікір қалдырған жұлдыздардың арасында Charli XCX те болды. Әнші кезінде Nasty Cherry тобын құрған, ал Габбриетт онда вокалист ретінде өнер көрсетті. Оның үстіне, Charli XCX-тің күйеуі Джордж Дэниел – Мэтти Хили жетекшілік ететін The 1975 тобының барабаншысы.
Еске сала кетейік, Мэттью Хили мен Габбриетт шілде айында шаңырақ көтерді. Үйлену тойы Голливуд төбелеріндегі тарихи Castillo del Lago зәулім үйінде өтті. Бұл ғимаратты 1926 жылы сәулетші Джон ДеЛарио Патрик Лонгденнің тапсырысымен тұрғызған. Ал 90-шы жылдары бұл үй Мадоннаның меншігінде болып, әнші мұнда бірнеше жыл тұрған.
