Аты аңызға айналған «Үлкен жарылыс теориясы» (The Big Bang Theory) ситкомының приквелі – «Шелдонның балалық шағы» (Young Sheldon) хикаясында басты рөлді сомдаған Иэн Армитидж қазақстандық музыканы сүйіп тыңдайтынын жасырмады. Актер Instagram парақшасында Apple Music-тегі жеке статистикасын жариялап, өзінің ең сүйікті орындаушысы Скриптонит екенін паш етті.


Иэн Армитидждің 2025 жылғы таңдаулы альбомдар тізіміне Скриптониттің Fantasy Mixtape, Vol.1 жинағы мен қазақстандық әнші Ayau-дың AYALUM альбомы енген. Тіпті, актер Ayau-дың жеке хат-қоржынына жазып, оның шығармашылығына тәнті екендігін білдірген. Әнші жұлдызды жанкүйерінің бұл хатын әлеуметтік желідегі оқырмандарына мақтанышпен көрсетті.

Биыл Иэн Армитидж ең көп тыңдаған туынды – Скриптониттің «16» трегі. Одан бөлек, оның жеке хит-парадында аңызға айналған қазақ-советтік «Дос-Мұқасан» ансамблінің психоделикалық «Әпитөк» әні де бар.
Америкалық жұлдыздың талғамы тек қазақстандық әртістермен шектелмейді. Ол орыс тілді музыкаға да ерекше мән береді. Оның плейлистінен Виктор Цой мен «Кино» тобының («Звезда по имени Солнце»), «Курараның» («Солнечные дни»), сондай-ақ «Гражданская оборона» («Государство») мен «Чиж & Co» («Фантом») топтарының туындыларын кезіктіруге болады.
Сонымен қатар, Армитидж Земфираның шығармашылығын да жібермей тыңдайды екен. Жылдық есепте оның Земфира мен жиендері Артем мен Артур құрған The Uchpochmack жобасының Mistress композициясын тыңдағаны байқалады


Актер тек өз статистикасын жариялап қана қоймай, бұл жаңалыққа таңырқаған қазақ және орыс тілді қолданушылардың реакцияларын да бөлісті.

Америкалық актердің плейлистінде мұндай әндердің пайда болуы кездейсоқтық емес. 2020 жылы пандемия кезінде, әлем оқшаулануда отырғанда, Иэн Армитидж орыс тілі мен мәдениетін үйренуге ден қойған екен. Соңғы бес жылда ол тіл үйренуде айтарлықтай жетістікке жетіп, қазіргі уақытта екі тілде еркін сөйлейтін достарымен тәжірибе жинақтап жүр.
«Шелдонның балалық шағы» хикаясы 2017–2024 жылдар аралығында жарық көрді. Бұл туынды – тоғыз жасар кезінде-ақ мектептің жоғарғы сыныптарында білім ала бастаған техастық вундеркинд Шелдон Купердің балалық шағы мен есейген кезеңін баяндайтын туынды.
