Lifestyle|Entertainment

Sadraddin екі күн ішінде Орталық стадионға 70 мың көрермен жинады

АвторыВиолетта Тельманова
30.09.2026
Sadraddin | Фотосуретші: Ұлжан Маратқызы
IMAGE Sadraddin | Фотосуретші: Ұлжан Маратқызы
Қазақстандық әнші Sadraddin Алматының Орталық стадионында екі күндік live-шоу өткізіп, көрермен саны бойынша рекорд орнатты

Sadraddin отандық эстрадада халықтың ерекше ықыласына бөленген әртіс екені даусыз. Бұл пікірді нақты сандар да растап отыр. Мәселен, осыдан екі жыл бұрын ол Алматыдағы Орталық стадионды лық толтырып, Димаш Құдайбергеннен кейін мұндай биік белесті бағындырған дара өнерпаз ретінде тарихта қалды. Бұған қоса, аталған кештің билеттері небәрі санаулы минуттарда сатылып бітіп, отандық шоу-бизнес тарихында үлкен жаңалыққа айналды. Енді міне, араға уақыт салып, 23 жастағы өнерпаз 27 және 28 қыркүйекте стадион форматындағы концертін екінші рет дүркіретіп өткізді. Әнші екі күннің ішінде 70 мыңға жуық жанкүйер жинап, тыңдармандарға ұмытылмас кеш сыйлады.

Sadraddin | Фотосуретші: Ұлжан Маратқызы
IMAGE Sadraddin | Фотосуретші: Ұлжан Маратқызы

Сахна төрінде дарынды орындаушы көрермен назарына толық форматты live-шоу ұсынды. Бұл бағдарлама жанды музыканы, ғажайып хореографияны, заманауи жарық шешімдері мен пиротехниканы тамаша ұштастырды. Кештің музыкалық тізіміне көпшілік жатқа білетін хиттермен қатар, бұрын еш жерде орындалмаған жаңа туындылар да кірді. Ал Ayau, BAKR, ANDRO және Maher Zain сияқты танымал әншілер концерттің арнайы қонақтары болып, сахна көркін аша түсті. Шоудың визуалды бөлігіне келсек, сахнаны дөңгелек пішінді алып LED-экрандар қоршады. Ал арнайы жарық эффектілері әрбір әнге ерекше атмосфера сыйлап тұрды. Бұл ғажайып кеш ғаламат отшашумен әдемі түйінделді. Желі қолданушылары аталмыш көріністі Канье Уэсттің Алматыдағы концертіндегі отшашумен салыстырып үлгерді.

Sadraddin | Фотосуретші: Ұлжан Маратқызы
IMAGE Sadraddin | Фотосуретші: Ұлжан Маратқызы
Sadraddin | Фотосуретші: Ұлжан Маратқызы
IMAGE Sadraddin | Фотосуретші: Ұлжан Маратқызы
Sadraddin | Фотосуретші: Ұлжан Маратқызы
IMAGE Sadraddin | Фотосуретші: Ұлжан Маратқызы

Осыншама ауқымды шараны жоғары деңгейде өткізу үшін мыңдаған маман жұмылдырылған. Олар шығармашылық жұмысқа, техникамен жабдықтауға және барлық қатысушылардың қауіпсіздігіне тікелей жауап берді. Нақтырақ айтсақ, сахнада 60 биші, 31 модель және live-бэндтің бес музыканты өнер көрсетті. Ал жалпы өндірістік команданың құрамы 784 адамға дейін жеткен. Бұған қоса, стадион ішіндегі тәртіп пен медициналық қолдауды шамамен 3000 қызметкер қамтамасыз етіп отырды. Олардың қатарында 230 волонтер, 150 күзетші және 20 дәрігер қалтқысыз қызмет етті. Қорыта келгенде, бұл концерт әлемдік жұлдыздардың деңгейімен тең түсетін нағыз ауқымды шоу ретінде халық жадында қалмақ.

Sadraddin | Фотосуретші: Ұлжан Маратқызы
IMAGE Sadraddin | Фотосуретші: Ұлжан Маратқызы