Волан-де-Морт рөлін сомдаған Ральф Файнс HBO студиясы түсіріп жатқан Харри Поттер туралы сериалдың актерлік құрамын ашқан сияқты. Дублин кинофестивалінің қызыл кілемінде журналистермен тілдесу барысында ол Қара Лордтың рөліне актер әлдеқашан бекітіліп қойған деп есептейтінін айтып, бұл рөлге Киллиан Мерфидің ең лайықты үміткер екенін тағы да тілге тиек етті.
«Маған рөлдердің бәрі бөлініп қойды деп айтты, солай емес пе? Мен Киллиан Мерфиді бұл рөлге таптырмас үміткер деп есептеймін. Бұл керемет таңдау», – деді Файнс.
Алайда студия тарапынан әзірге ешқандай ресми растау келген жоқ. Сонымен қатар, жанкүйерлер мен өзінің әріптес ізашарының қолдауына қарамастан, Киллиан Мерфидің өзі бұған дейін бұл жобаға қатысатынын теріске шығарған болатын.
Айта кетейік, жаңа сериалдың негізгі актерлік құрамы 2025 жылдың жазында бекітілді. Мектеп оқушыларының басты үштігін Доминик Маклафлин (Харри Поттер), Арабелла Стэнтон (Гермиона Грейнджер) және Аластер Стаут (Рон Уизли) сомдайды. Ересек кейіпкерлердің рөлін «Эмми» сыйлығының иегері Джон Литгоу (Альбус Дамблдор), «Оскар» номинациясының иегері Джанет Мактир (Минерва Макгонагалл), Паапа Эссьеду (Северус Снейп) және Ник Фрост (Рубеус Хагрид) орындайтын болады.
