Америкалық поп-мәдениеттің тұтас бір дәуірі аяқталды. «Кантри патшайымы» атанған әйгілі әнші, дарынды актриса әрі қайырымдылық жасаудан алдына жан салмаған Долли Партон 80 жасында өмірден озды. Миллиондаған адамның сүйіктісіне айналған өнер иесінің соңғы демі Нэшвиллдегі Vanderbilt-Ingram Cancer Center онкологиялық орталығында үзілді.

Қаралы хабар қабырғаны қайыстырғанымен, соңғы жылдардағы оқиғалар осы бір ауыр күннің жақындап қалғанын іштей сездіргендей еді. Денсаулығы сыр бере бастағандықтан, 2025 жылдан бері Долли көптеген концерттерін тоқтатуға мәжбүр болды. Ол тіпті 17 қаңтарда Grand Ole Opry-де өтетін өзінің 80 жылдық мерейтойына арналған кешке де қатыса алмады. Әлеуметтік желідегі жазбаларында бүйрегіндегі тасқа ем алып жүргенін айтып, жанкүйерлерін сабырға шақырғанымен, жағдай оңай болмаған сыңайлы. Оның үстіне, өткен жылдың наурызында әнші ауыр қазаны бастан өткеріп, 58 жыл отасқан сүйікті жары Карл Диннен айырылған еді.
Қабаттасқан қайғыға қарамастан, Доллидің өмірге деген құштарлығы бір сәтке де сөнген емес. Өмірден озарынан санаулы күндер бұрын ғана ол People журналына берген соңғы сұхбатында үмітке толы мынадай сөздерін айтқан болатын:
«Қазір мен жұбайым Карлға күтім жасап жүргенде мүлдем мән бермеген денсаулығымдағы кейбір ақауларды емдеп жатырмын. Бұрын денсаулығымда проблема болмады емес, болды. Бірақ шынымды айтсам, әлі де қалпыма келіп жатқаныма қарамастан, жұмысымды жалғастырудамын».
Музыкалық мансабын өткен ғасырдың 50 жылдарының ортасында бастаған ол, содан бері 52 альбом шығарып, америкалық кантри-чартты 25 рет бастап, 11 Грэмми сыйлығын иеленді. Оның 9 to 5, I Will Always Love You және Jolene сияқты хиттері Rolling Stone журналының нұсқасы бойынша барлық уақыттағы ең ұлы 500 ән мен 100 ұлы кантри әнінің тізіміне мәңгілікке жазылды.

Сонымен қатар, Долли тек сахна жұлдызы ғана емес, жүрегі кең, нағыз қайырымды жан ретінде де ел есінде қалмақ. Өз ғұмырында ол денсаулық сақтау, білім беру, әйелдер мен балаларды қолдау ісіне 500 млн доллардан астам қаражат жұмсаған.

Аңыз әншінің қазасы күллі әлемді дүр сілкіндірді. Бүгінде жүздеген танымал тұлғалар өнер иесінің отбасына қайғыра көңіл айтып жатыр. Ал АҚШ президенті Дональд Трамп оны ел тарихындағы ең ұлы орындаушы деп атап, ұлттық аза тұту жариялады: енді бір апта бойы бүкіл мемлекет бойынша тулар төмен түсіріліп, кантри патшайымына соңғы құрмет көрсетілмек.

