Қазақстанның Оскар комитеті 99-шы «Оскар» жүлдесіне режиссер Елзат Ескендірдің «Әбіл» фильмін таңдап алды. Бұл туынды «Үздік халықаралық толықметражды фильм» санатындағы үміткерлер қатарына кіру үшін үлкен бәсекеге түседі.
«Әбіл» фильміндегі оқиға желісі Қазақстанда 1993 жылы өрбиді. Фильмде бүкіл ғұмырын колхозға арнаған қарапайым шопанның тағдыры баяндалған. Кеңестік жүйе құлаған соң ол жекешелендіру дейтін мүлдем беймәлім жағдаймен бетпе-бет келеді. Сол тұста еліміз үлкен өзгерістерді бастан өткеріп жатқан заман еді. Ал Әбіл өзіне тиесілі үлесті алуға ұмтыла жүріп, осындай аумалы-төкпелі заманда өз ар-намысын табандылықпен қорғайды.
Басты рөлді актер Ерлан Төлеутай тамаша алып шықты. Елзат Ескендір фильмнің режиссері әрі сценарисі болды, ал операторлық жұмысты польшалық маман Йоланта Дылевска орындады.
Оскар бәйгесіне дейін-ақ «Әбіл» халықаралық фестивальдерде жақсы танылып үлгерді. Фильмнің әлемдік тұсаукесері Пусандағы Халықаралық кинофестивальде өтті. Содан кейін фильм Азия мен Еуропаның көрермендеріне көрсетілді. Везульдегі Халықаралық Азия киносы фестивалінде фильм бірден үш марапат алды. Олардың қатарында қазылар алқасының Гран-при сыйлығы, киносыншылар жүлдесі және NETPAC премиясы бар. Сонымен қатар Ерлан Төлеутай Бішкек кинофестивалінде және Silk Road International Film Festival-да үздік ер рөл үшін арнайы жүлделер алды.
Кинокартина Қазақстанның Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен жасалды. Түсірілім Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында өтті. Отандық көрермендер «Әбіл» фильмін 2026 жылдың маусым айында үлкен экраннан тамашалады.
