Қазақстандық хореограф әрі актриса Мәдина Бейсекеева әлемге әйгілі Lady Gaga мен Doechii-дің («Доучи» деп оқылады) Runway трегіне түсірілген жаңа бейнебаянына түсті. Клиптің режиссері – әйгілі биші және хореограф Паррис Гобель. Мәдина бұл өнерлі әйелді өзінің басты шабыт көзі санайды.
«Мені осындай керемет жобаның бір бөлшегі болуға шақырғандарыңыз үшін рақмет. Аты аңызға айналған тұлғалардың қасында жүріп, осынау тарихи сәттің куәсі болу – мен үшін үлкен мәртебе. Мен шынымен де LADY GAGA-мен бірге билеп жүрмін бе?! Бұған әлі де сене алар емеспін!» – деп бөлісті Мәдина әлеуметтік желідегі парақшасында.
Runway трегінің премьерасы 10-сәуірде өтті. Бұған дейін әннің шағын үзіндісі «Дьявол носит Prada 2» фильмінің трейлерінде ойналған еді. Туындының тең авторлары мен продюсерлері – Бруно Марс пен Эндрю Уатт.
