Lifestyle|Entertainment

Қазақстандағы асырап алушы отбасылар қалай өмір сүреді: Ринат Балғабаевтың жаңа фильмін тамашалаймыз

АвторыTatler Kazakhstan
04.11.2026
Қазақстандағы асырап алушы отбасылар қалай өмір сүреді: Ринат Балғабаевтың жаңа фильмін тамашалаймыз
«Нас много» туындысы бөтен баланы бауырына басуға тәуекел еткен жандардың хикаясы мен жетімдер үйіндегі шынайы жағдайды баяндайды

Қоғамның тамырын дөп басатын режиссер Ринат Балғабаев бұл жолы бала асырап алу тақырыбын қаузап отыр. Жаңадан жарық көрген «Нас много» картинасы жетімдер үйіндегі шынайы көріністі бейнелей отырып, бөтен баланы бауырына басуға тәуекел еткен қарапайым отбасылардың өмірін баяндайды. Түсірілім барысында кейіпкерлер өздері жүріп өткен қиын жол мен осы қадамнан кейінгі түбегейлі өзгерістер туралы ағынан жарылады.

Деректерге сүйенсек, қазір елімізде ата-ана қамқорлығынсыз қалған 20 мыңнан астам бала бар. Олардың төрт мыңға жуығы, негізінен жасөспірімдер, ерекше күтімдегі балалар мен заң бойынша бір-бірінен ажыратуға болмайтын бауырлар әлі де түрлі мекемелерде тәрбиеленіп жатыр.

Ал жаңа отбасын тапқан балалардың шамамен 2 пайызы кері қайтарылатын көрінеді. Мұндай ауыр жағдайларды болдырмас үшін мамандар болашақ ата-аналарға алдымен психологтар мен заңгерлерден кеңес алып, арнайы мектептен өтуді ұсынады. Бұл мәселеде «Ана үйі» қорының сарапшылары да кез келген уақытта бағыт-бағдар беруге дайын.