«Поговори со мной, ветер» кино көрсетілімі
- Қашан: 21 мамыр, 19:00
- Қайда: «Целинный» заманауи мәдениет орталығы, Масанчи көшесі, 59
- Құны: 2500 теңгеден бастап
«Целинный» орталығында бұрынғыдай кино көру дәстүрі қайта жаңғырды! Режиссер Стефан Джорджевичтің бұл туындысы табиғаттың әсемдігін бейнелейтін суреттер мен отбасылық саяжайдағы жайдарлы демалыс туралы романдарды көз алдыңызға әкеледі. Фильмнің негізгі өзегі – асықпай шертілген сыр, терең ой және жақынынан айырылғаннан кейін онымен үзілген байланысты қайта жалғауға деген ұмтылыс. Бұл туындыда естеліктер мен тылсым реализмнің басты символына жел айналады. Себебі кейіпкердің анасы айтқандай, ол тек шын ниетпен сұраған кезде ғана соғады. Фильм түпнұсқа тілінде (ағылшын, орыс және қазақ тілдеріндегі субтитрлермен) көрсетіледі.
«Созвездия» спектаклі
- Қашан: 21 және 22 мамыр, 19:00
- Қайда: «ARTиШОК» театры, Кіші сахна, Қонаев көшесі, 49
- Құны: 8000 теңгеден бастап
Британдық драматург Ник Пейннің пьесасы желісімен сахналанған бұл қойылым – көпғаламдық теориясы арқылы баяндалатын ерекше махаббат хикаясы. Жігіт – омарташы, қыз – ғалым. Олардың қарым-қатынасы ондаған түрлі балама сценарийден құралады: кездесулер мен қоштасулар, сатқындық пен сыр ақтару, сондай-ақ барлық кедергілерге қарамастан бірге қалуға деген ұмтылыс. Бір сағаттан сәл астам уақыт ішінде көрермен кейіпкерлермен бірге алғашқы таныстықтан бастап қайғылы қоштасуға дейінгі тұтас бір өмірді сүріп өтеді. Борис Павловичтің бұл қойылымы спектакльді нағыз психологиялық экспериментке айналдырған. Мұнда әрбір сахна бірнеше нұсқада қатар өрбиді.
Moldanazar-дың қатысуымен өтетін қайырымдылық концерті
- Қашан: 23 мамыр, 19:00
- Қайда: Motor клубы, Назарбаев даңғылы, 50
- Құны: 15 000 теңгеден басталады
Бұл – сырқатпен күресіп жатқан жақын құрбыларын қолдауға арналған үлкен музыкалық кеш. Сахна төрінде Moldanazar, Orynkhan, Kunzharyq және Dudeontheguitar өнер көрсетеді. Музыканттар осы бір игі бастама үшін жұдырықтай жұмылып, шағын болса да, сезімге толы әсерлі кештің атмосферасын сыйламақ.
Режиссер Игорь Гонопольскиймен кездесу: «Гүлфайрус Исмаилова және Евгений Сидоркин»
- Қашан: 23 мамыр, 18:00
- Қайда: «Целинный» заманауи мәдениет орталығы, Масанчи көшесі, 59
- Құны: 3500 теңгеден басталады
Бұл – режиссер Игорь Гонопольскийдің деректі кино мен өз фильмдерінің кейіпкерлеріне арналған топтамасындағы үшінші кездесуі. Бағдарлама аясында қылқалам шеберлері Гүлфайрус Исмаилова мен Евгений Сидоркин туралы қысқаметражды туындылар көрсетіліп, түсірілім процесі жайлы сыр шертіледі. Сондай-ақ тағдыры Қазақстанның мәдени шежіресімен біте қайнасып кеткен тұлғалар туралы танымдық пікірталас өтеді.
«1984» спектаклі
- Қашан: 23 мамыр, 18:00
- Қайда: Art-убежище Bunker, Досмұхамедов көшесі, 78а
- Құны: 6000 теңгеден басталады
Джордж Оруэллдің әлемге әйгілі романы желісімен сахналанған бұл спектакль әдебиеттегі ең танымал антиутопияға жаңаша көзқарас ұсынады. Art-убежище Bunker ұжымы көрерменді ойланудың өзі қылмыс саналатын, әрбір қадамың аңдулы тұратын қатыгез әлемге алып барады.
Шындық министрлігінде жұмыс істейтін бас кейіпкер Уинстон Смит бірте-бірте қоғамдағы көзбояушылықты ұға бастайды. Оның өз санасын таза сақтап, пікірлес адамдар табуға деген талпынысы қатыгез жүйеге қарсы қауіпті күреске ұласады. Өз ойың өзіңе тиесілі емес мұндай қоғамда жасырын күнделік бастаудың өзі – еркіндікке жасалған алғашқы қадам әрі үлкен қарсылық. Спектакль өтірік шындыққа айналған, ал басқаша ойлау өлім жазасына кесілетін кеңістіктегі билік, қорқыныш және ақиқатты іздеу мәселесін өте түсінікті тілмен баяндайды.
«И все про ОНЕГИН...» спектаклі
- Қашан: 24 мамыр, 18:00
- Қайда: Республикалық академиялық неміс драма театры, Папанин көшесі, 70/1
- Құны: 6000 теңгеден басталады
Бұл – Неміс театрының Александр Пушкиннің «Евгений Онегин» поэмасына деген өзіндік жаңа көзқарасы. Қойылым көрерменді адамдар өз сезімін тек қағазға түсіретін нәзік дәуірге алып барады. Залда отырып, сол бір хат жазу процесінің – сарыла күтудің, шынайы сыр ақтарудың және іштегі бұрқасын сезімді түсінуге деген талпыныстың куәгері боласыз. Ең қызығы, бас кейіпкер сахнаға мүлдем шықпайды. Дегенмен, оны зарыға күту процесінің өзі осы оқиғаның басты мәніне айналып, көрерменді еріксіз еліктіріп әкетеді.
