Lifestyle|Entertainment

«Өрмекші-адам: Жаңа күн» Marvel-дің ең үздік фильмдерінің бірі ме?

АвторыСергей Калугин
06.08.2026
«Өрмекші-адам: Жаңа күн» фильміне арналған постер | IMDb
IMAGE «Өрмекші-адам: Жаңа күн» фильміне арналған постер | IMDb
2026 жылдың 6 тамызында қазақстандық кинотеатрларда жұрт көптен күткен блокбастер – сүйікті кейіпкеріміздің басынан кешкен оқиғалары туралы «Өрмекші-адам: Жаңа күн» фильмі прокатқа шықты. Tatler Kazakhstan редакциясы картинаның жабық көрсетіліміне қатысып, Marvel Studios ұсынған жаңа туынды туралы өз ойымен бөлісуге дайын. Ендеше, бұл фильм неліктен көрермен назарына лайық екенін және Том Холландтың суперқаһармандар жанрына қалай жан бітіргенін айтып берейік
Ескерту! Мәтінде спойлерлер бар.

1-себеп. Қарапайым әрі шынайы оқиға

Ең алдымен фильмнің басты артықшылығынан бастайық – бұл жолы авторлар ауқымды, әлемдік деңгейдегі шайқастардан бас тартқан. Ұзақ уақыт бойы Marvel мен Sony студиялары біздің сүйікті өрмекшіміз туралы фильмдерде оқиға желісін тым асыра сілтеп жіберетін. Бас кейіпкер үнемі күші жетпейтін алып жаулармен шайқасып, жауыз кейіпкерлердің көптігінен сюжет бір-бірімен байланыспайтын бөлек-бөлек кесінділерге айналып кететін. Марк Уэбб пен Сэм Рейми түсірген нұсқалар – осы сәтсіз тәжірибенің ең айқын мысалы. Олардың фильмдері лайықты жалғасын таба алмады, әрі сыншылар да, көрермендер де жоғары баға бермеді.

Алайда «Жаңа күн» фильмін жасаушылар бұрынғы қателіктерді қайталамай, Питер Паркердің жеке өміріне баса назар аударған. Көрермен енді оның ішкі сезімдерін, уайымы мен тұлға ретіндегі дамуын анық көре алады. Айта кетерлігі, фильмнің осындай жинақы әрі өміршең шығуына актер Том Холландтың өзі көп үлес қосқан. Бір сұхбатында актер «Жаңа күннің» бастапқы тұжырымдамасы өзіне мүлдем ұнамағанын, тіпті түсірілімнен бас тартқысы келгенін мойындады. Сөйтсе, Marvel тағы да Өрмекші-адамды түрлі ғаламдарға саяхаттатпақ болған екен. Бақытқа орай, студия бұл ойынан айнып, сценарийді басынан бастап қайта жазып шығады. Бұл өзгеріс фильмге тек пайдасын тигізді. Біз, жанкүйерлер, ұзақ уақыт бойы күткен нағыз Өрмекші-адамды көрдік: ғарыштағы шайқастарсыз, жанкүйерлердің көңілін табу үшін ғана қосылған қаптаған жауыздарсыз, тірі әрі шынайы Нью-Йорктің атмосферасындағы қалыпты өмір.

«Өрмекші-адам: Жаңа күн» фильмінен кадр | IMDb
IMAGE «Өрмекші-адам: Жаңа күн» фильмінен кадр | IMDb

2-себеп. Нағыз комикстегідей Өрмекші-адам

Оқиғаның осындай қарапайымдылығынан тағы бір артықшылық туындайды. Том Холланд сомдаған Өрмекші-адам бұл жолы өзінің түпнұсқадағы, яғни комикстегі бейнесіне барынша жақындаған. Ол – шаршаған, өз-өзімен арпалысқан, жаны жаралы, бірақ мойнына батырдың ауыр жүгін артқан бозбала. Енді Паркердің жанында Тони Старк сияқты ақылды әрі бай тәлімгер жоқ, ол барлық қателіктерін өзі түзеуге мәжбүр. Том Холландтың Питері әлдеқайда жауапты, тәжірибелі әрі өз бетінше шешім қабылдай алатын жігітке айналған. Дегенмен, оның бойынан өзіне ғана тән аңғалдықты әлі де байқауға болады.

Қуантатыны сол, авторлар оны мүлдем жолы болмайтын бейшара етіп көрсетпеген. Әрине, түпнұсқа бойынша Паркер қарапайым жігіт пен суперқаһарманның арасындағы өмірді қатар алып жүре алмай, жеке өмірінде үнемі сәтсіздікке ұшырауы керек. Бірақ бұл жолы авторлар алдыңғы бөлімдердегідей көрерменді кейіпкерге аяушылықпен немесе ашумен қарайтындай күйге жеткізбей, алтын ортаны таба білген. Енді бас кейіпкер костюмін өзі тігеді (айтпақшы, костюм өте керемет шыққан), шатырда тұрып, сол жерден өзінің «өрмекшілік» шаруаларын тындырады, полициямен тығыз жұмыс істейді және өзін тура комикстегідей нағыз «сүйікті көрші» ретінде ұстайды.

«Өрмекші-адам: Жаңа күн» фильмінен кадр | IMDb
IMAGE «Өрмекші-адам: Жаңа күн» фильмінен кадр | IMDb

3-себеп. Жоғары сапалы визуал және экшн

Ақыры осыған да жеттік! Marvel жобаларындағы арнайы эффектілер мен графика, ең болмағанда осы «Жаңа күн» фильмінде, өте жоғары деңгейде жасалған. Франшизаның алдыңғы және осы бөлімінің арасындағы бес жылдық үзіліс тек жақсылыққа қызмет еткен сияқты. Өрмекпен ұшу көріністері (Марк Уэббтің фильмдеріндегідей тым әсерлі болмаса да) және төбелес сахналары өте ұқыпты әрі егжей-тегжейлі өңделген. Фильмде мұндай көріністер өте көп: әйгілі комикстердің мұқабаларына жасалған сілтемелерден бастап, күрделі трюктерге дейін кездеседі.

Мысалы, Том Холландтың айтуынша, ол көптеген қимылдарды Өрмекші-адамның басқа нұсқаларынан, әсіресе видеоойындардан алған. Фильмді көріп отырып, Холландтың қимыл-қозғалыстары Insomniac Games шығарған Marvel’s Spider-Man ойынындағы Өрмекші-адамға қатты ұқсайтынын жиі байқауға болады. Актердің өзі де студияның ойындарынан қатты шабыт алғанын және түсірілім кезінде сондағы тәсілдер мен акробатикалық элементтерді қайталауға тырысқанын жасырған жоқ.

«Өрмекші-адам: Жаңа күн» фильмінен кадр | IMDb
IMAGE «Өрмекші-адам: Жаңа күн» фильмінен кадр | IMDb

4-себеп. Фильмнің беретін терең мағынасы

Стэн Ли мен Стив Дитко ойлап тапқан бұл кейіпкердің ондаған жылдар өтсе де адамдардың жүрегінен орын тауып, киноэкранға шыққан сайын жаңа мағынамен толыға түсетіні таңғалдырады. Негізінде, Питер Паркер – өте трагедиялық әрі көп жағдайда бақытсыз кейіпкер. Оның бойындағы алып күшіне және Нью-Йорк тұрғындарының шексіз махаббатына қарамастан, ол бұл өмірде жалп-жалғыз. Өрмекші-адам өзінің 60 жылдық тарихында ерекше қабілетінің кесірінен қарапайым адамдарға тән қуаныш пен қалыпты өмірден бірнеше рет қағылған. Комикс беттерінде ол жақындарынан айырылды, отбасын құра алмады және құтқара алмаған адамдары үшін үнемі өзін кінәлі сезініп өтті.

Егер «Өрмекші-адам: Үйге жол жоқ» фильмінде жалпының игілігі үшін жеке өміріңді құрбан етуге тура келетін нағыз батырлық идеясы өте драмалық түрде берілсе, «Жаңа күнде» тағдыр (сценарий авторы) Питерді аяған сияқты. Фильмнің жалғасында кейіпкер өзін, бойындағы қараңғы тұстарын қабылдауы керек. Оған Питер Паркер мен Өрмекші-адамның бірін таңдаудың қажеті жоқ екенін түсінуі тиіс. Адам өз-өзін жалғыздыққа итермей-ақ, екеуін де қатар алып жүре алады.

Сондықтан сеніммен айта аламыз: бұл фильм көрерменге ерекше терапиялық әсер сыйлайды.

«Өрмекші-адам: Жаңа күн» фильмінен кадр | IMDb
IMAGE «Өрмекші-адам: Жаңа күн» фильмінен кадр | IMDb

Суперқаһармандар жанрына берілген жаңа мүмкіндік

Көпшілік күткендей, «Өрмекші-адам: Жаңа күн» нағыз сенсацияға айналды. Алғашқы аптаның өзінде фильм әлемдік прокатта 932 миллион доллар жинап, 2026 жылдың ең көп табыс әкелген картинасы атанды. Marvel Studios қызметкерлері енді терең дем алып, тынышталған болар. Өйткені, компанияның соңғы кездері шығарған әлсіз жобалары мен төмен кассалық түсімдерінен кейін, көрермендердің суперқаһармандарға деген қызығушылығы қайта оянып келе жатқан сияқты.

«Жаңа күннің» мұндай үлкен жетістікке жетуін Өрмекші-адамның тарихтағы ең танымал қаһармандардың бірі екенімен ғана байланыстыруға болмайды. Бұл жерде түсірілім тобы мен актерлер құрамының жұмысқа деген жауапкершілігі де үлкен рөл атқарды. Мәселен, Том Холланд сұхбаттарының бірінде Кристофер Ноланмен «Одиссея» фильмінде бірге жұмыс істеуі жаңа «Өрмекші-адамды» түсіру процесін жақсартуға қатты көмектескенін айтқан болатын. Негізі, актер бұған дейін де, әсіресе сөз Өрмекші-адам туралы болғанда, сапалы әрі мағыналы кино түсіруді жақтайтын.

«Өрмекші-адам: Жаңа күн» фильмінен кадр | IMDb
IMAGE «Өрмекші-адам: Жаңа күн» фильмінен кадр | IMDb

«Мен Өрмекші-адамға ерекше құрметпен және қамқорлықпен қараймын. Әр жаңа фильм шыққан сайын жақсарып, үлкен жетістікке жете түсетін франшизаның бір бөлігі болу маған бұйырғаны үшін өзімді өте бақытты санаймын. Мұндай жағдай кино әлемінде өте сирек кездеседі. Мен осы мұраны сақтап қалғым келеді. Сондықтан жай ғана түсу үшін фильмнің жалғасында ойнауға келіспеймін. Жаңа фильм осы кейіпкердің деңгейіне лайық болуы керек», – деп бөліскен еді Том бір сөзінде.

Енді суперқаһармандар туралы фильмдер өздерінің басты бәсекелесі – хоррорлардан бір қадам алда тұр. Өйткені, «Обсессия» фильмінің үлкен жетістігінен кейін көпшілік қорқынышты фильмдерді «суперқаһармандар жанрының орнын басады» деп бағалаған еді. Дегенмен, Marvel мен DC-дің болашағы қандай боларын сәл кейінірек білетін боламыз. Жақында экрандарға «Кек алушылар: Доктор Дум» фильмі шығады. Дәл сол туынды жабысып тұратын костюм киген ерекше адамдардың көрермен махаббатын қайта жаулай алатын-алмайтынын нақты көрсетеді.

«Өрмекші-адам: Жаңа күн» фильмінен кадр | IMDb
IMAGE «Өрмекші-адам: Жаңа күн» фильмінен кадр | IMDb