Кристофер Ноланның «Одиссея» фильмі әлемдік прокатта 1,1 миллиард доллардан астам қаржы жинап, режиссер мансабындағы ең табысты туындыға айналды. The Guardian басылымының мәліметінше, 10 тамыздағы жағдай бойынша фильмнің кассалық түсімі 1,104 миллиард долларға жеткен.
Бұған дейінгі рекорд 2012 жылы жарық көрген және 1,085 миллиард доллар жинаған «Темный рыцарь: Возрождение легенды» фильміне тиесілі еді. Ал үшінші орында 2008 жылы шығып, 1,005 миллиард доллар табыс әкелген «Темный рыцарь» тұр.
«Одиссея» үлкен экранға 17 шілдеде шықты. Бұл – Гомердің ежелгі грек поэмасының желісімен түсірілген туынды. Онда актер Мэтт Дэймон Троя соғысынан кейін туған жеріне оралып келе жатқан Одиссей патшаның рөлін сомдайды. Бас кейіпкердің түрлі қауіп-қатерге толы бұл сапары тура он жылға созылады.
Фильмде Энн Хэтэуэй, Роберт Паттинсон, Зендея, Том Холланд, Шарлиз Терон және Лупита Нионго сияқты жұлдыздар ойнайды. Туынды киносыншылар тарапынан өте жоғары бағаланып, әлемдік прокатта қатарынан үш апта бойы көш бастап келеді. Айта кетейік, бұл жоба Дэймон, Хэтэуэй және Паттинсонның да актерлік мансабындағы ең табысты фильмі болып шықты.

Биыл Universal Pictures студиясының осымен үшінші фильмі миллиард долларлық межеден асып түсті. Бұған дейін Марио туралы анимациялық мультфильм мен Майкл Джексон жайлы өмірбаяндық кино дәл осындай үлкен табысқа жеткен еді.
Студия өкілдерінің айтуынша, көрермендер фильмді жоғары сапалы премиум форматтарда тамашалағанды ұнатады, тіпті кинотеатрға қайта-қайта келетіндер де көп.
Маркетинг шығындарын есептемегенде, туындыны түсіруге 250 миллион доллар жұмсалған. Кристофер Нолан бұл жобада режиссер әрі сценарий авторы болды. Сонымен қатар ол әйелі Эмма Томаспен бірге продюсерлік қызметті де қатар атқарып шықты.
