Lifestyle|Entertainment

Мұражайдағы қолөнер кешінен бастап камералық концерт пен аңызға айналған кинодрамаға дейін. 28 шілде - 3 тамыз аралығында Алматыда қайда баруға болады?

АвторыTatler Kazakhstan
29.07.2026
Нұргүл Нүсіпжанова | Almaty Museum of Arts ресми сайты
IMAGE Нұргүл Нүсіпжанова | Almaty Museum of Arts ресми сайты
Мұражай төріндегі қолөнер кеші, суретші Натали Гуроракшеевамен кездесу, пианист Нұргүл Нүсіпжанованың камералық концерті және «La Haine» француз драмасының жаңартылған нұсқасы. Осы аптада Алматыда өтетін ең қызықты мәдени іс-шаралар легін назарларыңызға ұсынамыз

Craft Night: қолөнер клубы

  • Қашан: 28 шілде, 18:00-20:00
  • Қайда: Almaty Museum of Arts, әл-Фараби даңғылы, 28
  • Құны: мұражайға кіру билетімен тегін

Şeberhana кеңістігінде шығармашылық пен қолөнерді сүйетін жандарға арналған Craft Night кеші өтеді. Өзіңіз бастап қойған қолөнер бұйымыңызды ала келіңіз, ал дәмді тіскебасарлар мен жайлы атмосфераны ұйымдастырушылар өз мойнына алады. Бұл – күнделікті күйбең тірліктен үзіліс алып, сүйікті ісіңізбен айналысуға және пікірлес жандармен уақыт өткізуге таптырмас мүмкіндік. Кешке жасөспірімдер де, ересектер де қатыса алады.

Мұражайдағы мультфильмдер кеші

  • Қашан: 29 шілде, 16:00
  • Қайда: Almaty Museum of Arts, әл-Фараби даңғылы, 28
  • Құны: мұражайға кіру билетімен тегін

Almaty Museum of Arts қабырғасында «Қазақфильм» киностудиясымен бірлескен мультипликациялық фильмдер көрсетілімі өтеді. Экрандағы туындыларды тамашалап болған соң, кинотанушы Асия Бағдәулетқызымен кездесу жоспарланған. Басты тақырып – ұлттық мифологияның қазақ анимациясындағы көрінісі. Жиналған қауым көне аңыздар мен олардың заманауи түсіндірмесін талқылап, Серікбол Қондыбай, Зира Наурызбай және Едіге Тұрсынов сынды зерттеушілердің еңбектеріндегі негізгі идеяларға тоқталады.

Almaty Museum of Arts Instagram-парақшасынан
IMAGE Almaty Museum of Arts Instagram-парақшасынан

Натали Гуроракшеевамен Artist Talk

  • Қашан: 30 шілде, 19:30
  • Қайда: Efes Art Space, Atakent Mall, 1-қабат, 29 бутик (кіру Манас көшесі жағынан)
  • Құны: кіру тегін

Maujyrau көрмесінің аясында суретші Натали Гуроракшеевамен Artist Talk өтеді. Ол өзінің шығармашылық жолы мен осы көрмеге қойылған туындылары жайлы әңгімелейді. Жалпы, «маужырау» – адамның ұйқы мен ояу жүру арасындағы ерекше күйі, уақыттың тоқтап қалғандай сезілетін сәті. Occupy Steppe галереясымен бірлесіп ұйымдастырылған бұл экспозиция Натали Гуроракшеева мен Алина Жұламанованың еңбектерін бір арнаға тоғыстырған.

Нұргүл Нүсіпжанованың жеке бағдарламасы

  • Қашан: 1 тамыз, 19:00
  • Қайда: Almaty Museum of Arts, әл-Фараби даңғылы, 28
  • Құны: 3 500 теңгеден бастап

Almaty Museum of Arts төрінде халықаралық байқаулардың лауреаты, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының түлегі, дарынды пианист Нұргүл Нүсіпжанованың камералық концерті өтеді. Бағдарламада қазақстандық композиторлардың, сондай-ақ Сергей Рахманинов, Морис Равель және Николай Капустиннің шығармалары орындалады. Камералық форматта өтетін бұл кеште пианист өзінің жан дүниесіне жақын, арнайы таңдап алған туындыларын көпшілік назарына ұсынады.

Almaty Museum of Arts Instagram-парақшасынан
IMAGE Almaty Museum of Arts Instagram-парақшасынан

«Жек көру» драмасының көрсетілімі

  • Қашан: 2 тамыз, 18:00
  • Қайда: «Целинный» заманауи мәдениет орталығы, Масанчи көшесі, 59
  • Құны: 2 500 теңге

«Целинный» заманауи мәдениет орталығында аты аңызға айналған «La Haine» («Жек көру») француз драмасы көрсетіледі. Фильм түпнұсқа тілінде, қазақ және орыс тілдеріндегі субтитрлармен ұсынылады. Сюжет желісі полициямен қақтығыстан кейін өмірі күрт өзгерген Париж маңындағы үш жасөспірімнің тағдырына құрылған. Тұсаукесерінен бері 30 жылдан астам уақыт өтсе де, бұл туынды қоғамдағы әділетсіздік, шеттетілу және қатыгездік мәселесін дөп басқан ең өткір фильмдердің бірі болып қала бермек. Көрермен назарына 35 мм түпнұсқа негативтен 4K форматында қалпына келтірілген жаңа нұсқасы ұсынылады. Жас шектеуі – 18+.

Tselinny Center of Contemporary Culture Instagram-парақшасынан
IMAGE Tselinny Center of Contemporary Culture Instagram-парақшасынан