«Қарагөз»
Қашан: 15 сәуір, 19:00
Қайда: Almaty Museum of Arts, Әл-Фараби даңғылы, 28
Құны: 4000 теңгеден бастап
Неміс театры алғаш рет Мұхтар Әуезовтің «Қарагөз» шығармасын би драмасы форматында ұсынады. Қойылым - қазақстандық режиссер Наташа Дубс пен еуропалық хореограф Флориан Бильбаоның шығармашылық одағының жемісі. Таныс сюжет мұнда дене тілі мен қозғалыс арқылы ашылып, көрнекі сахналық туындыға айналады.
«The Drama»
Қашан: 16 сәуірден бастап
Қайда: Алматы кинотеатрлары
Құны: 2400 теңгеден бастап
Үлкен экрандарға Зендея мен Роберт Паттинсон ойнаған жаңа фильм шығады. Үйлену тойына дайындалып жатқан Чарли мен Эмманың қарым-қатынасы үлкен сынға түспек: тосыннан айтылған сыр мінсіз болып көрінген сезімнің күл-талқанын шығарады. Енді олар «бақытты ғұмырға» жету жолында бірнеше қиын шешім қабылдауы тиіс.

«Гүлдер алаңы»
Қашан: 18 сәуір
Қайда: Республикалық академиялық неміс драма театры, Папанин көшесі, 70/1
Құны: 3000 теңгеден бастап
Театр лабораториясы Жанна Кравченконың авторлық жобасын - махаббат, арман және бостандық туралы би спектаклін ұсынады. Қойылымға кәсіби актерлермен бірге Темірбек Жүргенов атындағы академияның студенттері де қатысады. Мұнда би - сөздің дәрмені жетпейтін тұста сезімді жеткізе алатын дербес тілге айналады.
Romeo & Juliet
Қашан: 18 сәуір, 16:00
Қайда: Алматы мемлекеттік қуыршақ театры
Құны: 2000 теңгеден бастап
Уильям Шекспир пьесасының қуыршақ театры тіліндегі интерпретациясы баршаға таныс махаббат хикаясын жаңа қырынан ашады. Мұнда басты назар трагедияға емес, туындының уақытқа бағынбайтын үніне аударылған. Режиссер Дина Жұмабаева сахналық шарттылықты заманауи визуалды элементтермен - қағаз бен шам отынан бастап, өзекті пластика мен музыкаға дейін ұштастырады. Қойылым жастар аудиториясына (18+) арналған.
Elevation Festival
Қашан: 18 сәуір, 14.00
Қайда: Red Rhino, Сұлтанғазин көшесі, 11/11
Құны: 12 000 теңгеден бастап
Шағын кештер форматынан өсіп шыққан Elevation Festival осы көктемде толыққанды тәуелсіз open-air шарасына айналмақ. Екі сахна, жанды дауыс, электронды музыка мен қазақстандық indie бағытының үйлесімі - осының бәрі клубтық мәдениет пен жергілікті жаңа өнер ортасын бір кеңістікке біріктіреді. Фестиваль бағдарламасында: мультижанрлық бағыттағы VERNO тобы, электронды музыка мен атмосфералық вокалды шебер ұштастыратын Isentie дуэті және әлемдік алаңдарды бағындырған түркиялық диджей ELIF бар.
