Lifestyle|Entertainment

«Москва слезам не верит» фильмінің жарық жұлдызы Вера Алентова өмірден озды

Автор Tatler Kazakhstan
25.12.2025
«Москва слезам не верит» фильмінен кадр | IMDb
IMAGE «Москва слезам не верит» фильмінен кадр | IMDb
Аты аңызға айналған актриса 83 жасында мәңгілік сапарға аттанды

Кеңес кино өнерінің алтын қорына енген «Москва слезам не верит» және «Ширли-мырли» туындыларының жарық жұлдызы Вера Алентова 84-ке қараған шағында дүниеден озды.

Актриса өзінің әріптесі, актер Анатолий Лобоцкийді соңғы сапарға шығарып салу рәсімінде өзін жайсыз сезінген. Ол шұғыл түрде ауруханаға жеткізілгенімен, дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады. Бұл қаралы хабарды актриса 60 жылға жуық уақыт бойы талмай қызмет еткен А. С. Пушкин атындағы Мәскеу драма театрының баспасөз қызметі ресми түрде растады. Театр әкімшілігі қоштасу рәсімінің уақыты мен мекенжайы туралы қосымша ақпарат берілетінін хабарлады.

Вера Алентова 1942 жылы Котлас қаласында дүниеге келген. 1961 жылы МХАТ мектеп-студиясына (Василий Марковтың курсы) оқуға түсіп, сол жерде өзінің болашақ жары — режиссер әрі актер Владимир Меньшовпен танысады. Кейінірек бұл жұптың отбасында қызы Юлия Меньшова дүниеге келіп, ол да ана жолын қуып, өнер жолын таңдады. Бүгінде Юлия — танымал театр және кино актрисасы, тележүргізуші әрі продюсер.

Вера Алентоваға бүкілхалықтық махаббат пен әлемдік деңгейдегі танымалдылықты Владимир Меньшов түсірген «Москва слезам не верит» (1979 жыл) картинасындағы Катеринаның рөлі алып келді. 1981 жылы бұл туынды «Шет тіліндегі үздік фильм» номинациясы бойынша беделді «Оскар» сыйлығын иеленген болатын.