Lifestyle|Entertainment

Миядзаки әлемі, театр және заманауи музыка: Алматының осы аптадағы мәдени шаралар бағдарламасы

АвторыTatler Kazakhstan
10.06.2026
«Ветер крепчает» фильмінен көрініс| IMDb
IMAGE «Ветер крепчает» фильмінен көрініс| IMDb
Осы аптада алматылықтарды түрлі көрмелер, кино көрсетілімдер, театр қойылымдары мен заманауи музыка кештері күтіп тұр. Бағдарламада: Хаяо Миядзакидің арман мен жауапкершілік туралы хикаясы, жайлауда тұтас бір жыл өмір сүрген Радина Ясуеваның көрмесі, мұражайдағы сурет салу клубы, өзара түсіністікке арналған камерлық спектакль және «Инсайдеры» эксперименталды қойылымы бар

«Ветер крепчает» кино көрсетілімі

  • Қашан: 11 маусым, 19:00
  • Қайда: «Целинный» заманауи мәдениет орталығы, Масанчи көшесі, 59
  • Билет құны: 2500 теңге

Режиссер Хаяо Миядзакидің атақты «Ветер крепчает» анимациялық фильмінің көрсетілімі Korkut дыбыс өнері триенналесінің «Мәңгілік жел рәсімдері» атты кинобағдарламасы аясында өтеді. Туынды әдемі ұшақтар жасауды армандап, қиын-қыстау кезеңде өз идеалдарын сақтап қалуға тырысқан талантты авиаконструктор Дзиро Хорикосидің өмірін баяндайды. Бұл жай ғана арман мен махаббат туралы хикая емес, шығармашылықтың құны, жауапкершілік және өз жолыңды таңдау туралы терең ойға жетелейтін туынды. Аталмыш көрсетілім қозғалыс, өзгеріс және шабыт символы саналатын жел тақырыбына арналған кинокездесулер легінің бір бөлшегі болмақ.

Билеттер

Nobai: Балдано – сурет салу клубы

  • Қашан: 11 маусым, 18:30-дан 20:00-ге дейін
  • Қайда: Almaty Museum of Arts, «Сарыарқа» залы, Әл-Фараби даңғылы, 28
  • Билет құны: тіркелу арқылы тегін (мұражайға кіру билеті бөлек сатылады)

Nobai сурет салу клубының кездесулер топтамасы бурят-қазақ суретшісі Сэрэнжаб Балданоның көрмесінде өтеді. Қатысушылар қылқалам шеберінің ағаштан жасалған ерекше маскаларын тамашалап, олардың бейнесі мен тарихынан шабыт ала отырып, өз нобайларын сала алады. Ұйымдастырушылар сурет салуға қажетті барлық құрал-жабдықтарды және экспозицияға жаңаша көзқараспен қарауға көмектесетін арнайы тапсырмаларды дайындап қояды. Бейнелеу өнерінен хабардар болу міндетті емес – бұл формат кешті шығармашылық ортада өткізіп, күнделікті күйбең тірліктен үзіліс алып, өнермен жақынырақ танысқысы келетін кез келген адамға арналған. Кездесуге жасөспірімдер де, ересектер де қатыса алады.

Aq Yourt. Радина Ясуеваның жеке көрмесі

  • Қашан: 11 маусым, 19:00
  • Қайда: Esentai Gallery, Әл-Фараби даңғылы, 77/8
  • Билет құны: кіру тегін

Aq Yourt көрмесі қазақ даласындағы тіршілікті құрғақ сөзбен немесе фотосуреттермен емес, суретші Радина Ясуеваның жеке тәжірибесі арқылы жеткізеді. Ол отбасымен бірге тұтас бір жылын жайлауда өткізіп, киіз үйде тұрып, дәстүрлі көшпелі өмір салтын ұстанған. Экспозицияда көшпенділер мәдениетіне іштей үңілуге мүмкіндік беретін кескіндеме, киізден жасалған бұйымдар, бейнебаян және инсталляциялар ұсынылған. Көрменің басты нысаны – галереяның қақ ортасына тігілген ақ отау болмақ. Келушілер киіз үйдің ішіне кіріп, дала өмірінің шынайы атмосферасын сезіне алады.

«Взаимное непонимание» спектаклі

  • Қашан: 12 маусым, 20:00
  • Қайда: «Трансформа» кеңістігі, Марков көшесі, 44
  • Билет құны: 7 000 теңгеден бастап

«Взаимное непонимание» қойылымы – бір-бірін шын жүректен түсінуге ұмтыла тұра, іштегі сырдың айтылмауы мен ақталмаған үміттердің көрінбес кедергісіне тап болған жандар туралы хикая. Спектакль сөз бен үнсіздіктің арасындағы нәзік шекараны зерттей келе, бірге жүрсе де бір-бірінен алыстап кеткен жақындардың күйін бейнелейді. Актерлердің пластикасы, музыкалық сүйемелдеу мен эмоцияға толы ойыны ерекше атмосфера қалыптастырып, күрделі сезімдерді артық сөзсіз жеткізуге мүмкіндік береді.

Билеттер

Get In!!! концерт-перформансы

  • Қашан: 13 маусым, 19:00
  • Қайда: «ARTиШОК» театры, Үлкен сахна, Гоголь көшесі, 40
  • Билет құны: 7 000 теңгеден бастап

Get In!!! концерт-перформансы EEGERU заманауи музыка ансамблінің оныншы маусымына арналған. Бағдарлама аясында Дэвид Лэнг, Альфред Шнитке және Арво Пярт сынды танымал композиторлардың шығармалары орындалып, қазақстандық композитор Эрика Минхайрова туындысының әлемдік премьерасы өтеді.

Билеты

«Инсайдеры» спектаклі

  • Қашан: 13 маусым, 18:00
  • Қайда: Республикалық академиялық неміс драма театры, Папанин көшесі, 70/1
  • Билет құны: 3 000 теңгеден бастап

«Инсайдеры» – адам психикасының, естеліктер мен ішкі жарақаттардың тұңғиығына бойлайтын режиссер Александра Биглердің эксперименталды спектаклі. Қойылым «Семь жизней кошек» пьесасы мен психиатр, сананы зерттеуші Станислав Грофтың мәтіндері желісімен сахналанған. Махаббат, тәуелділік, жалғыздық пен билікке құмарлық хикаялары адам мінез-құлқының жасырын механизмдеріне саяхатпен ұштасып, көрерменді жай ғана бақылаушы емес, оқиғаның бір бөлшегіне айналдырады. Спектакль адамды не басқарады: таңдау еркіндігі ме, әлде өткен күннің көрінбес сценарийлері ме деген күрделі мәселені талқыға салады. Жас шектеуі – 18+.

Билеттер