«Marty Supreme» спорттық драмасы арқылы Тимоти Шаламе Марлон Брандодан кейінгі «Үздік актер» санатында үш рет номинация алған ең жас өнер иесі атанды. Отыз жасқа толған Шаламе басты актерлік марапат үшін осымен үшінші рет бақ сынап отыр. Ол бұған дейін «Назови меня своим именем» (2018) және «Боб Дилан: Никому не известный» (2025) фильмдеріндегі рөлдері үшін «Үздік актер» атағына үміткерлер қатарына қосылған болатын. Ал Брандо өзінің үшінші номинациясын жиырма тоғыз жасында иеленген еді.
Тимоти Шаламе үшін «Marty Supreme» фильміндегі рөлі оның шығармашылық жолындағы ең маңызды жұмыстардың біріне айналды. Кәсіби бапкермен алты жыл бойы жаттығуы оған чемпионның рөлін жай ғана сомдап шығуға емес, оның өмірін толықтай сезінуге мүмкіндік берді – ол бір тұлғаның бойындағы арсыз алаяқ пен нәзік арманшылдың бейнесін шебер ұштастырды. Шаламе өзінің сүйкімділігі мен өршеңдігі арасындағы тепе-теңдікті шебер сақтай отырып, көрерменнің мейірін де, кейісін де тудыра біледі.

«Marty Supreme» фильмінің мазмұны
Сюжет бойынша Марти Манхэттендегі ағасының аяқ киім дүкенінде жұмыс істегенімен, пинг-понгтан әлем чемпионы болуды көксейді. Сол мақсатқа жету үшін ол Лондонда өтетін турнирге аттанады. Бастапқыда сәттілік оған серік болғанымен, кейіннен жағдай күрт өзгеріп, кейіпкер ойында қалу үшін түрлі айла-шарғыларға баруға мәжбүр болады. Осылайша, оның өмірі қауіпке толы оқиғалар тізбегіне айналады. Тіпті жай ғана жуынуға әрекеттенуінің өзі алай-дүлей хаосқа ұласып, Мартиді гангстер (Абель Феррара) мен оның иті арасындағы хикаяға араластырып жібереді. Асқақ амбициясы мен өршіп тұрған эгосы оны қиындықтар иіріміне тартып, маңындағы жандардың барлығына кедергі келтіреді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Бұйра шаш, мұрт және рэп: Тимоти Шаламенің құпиясы неде?
Фильмде Тимоти Шаламеден бөлек Гвинет Пэлтроу мен Tyler, the Creator түскен. Пэлтроу үстел теннисі ойыншысының сүйіктісін сомдаса, Тайлерге такси жүргізушісінің рөлі тиесілі болды.
Түсірілім барысы
«Marty Supreme» туындысы көрерменді 1950-ші жылдардағы Нью-Йорк атмосферасына толықтай енгізеді: Манхэттеннің тар көшелері, у-шуға толы дәмханалар мен көне пинг-понг залдары сол дәуірдің тынысын айна-қатесіз жеткізеді. Винтаждық бояулар мен көше шамдарынан бастап ішкі көріністерге дейінгі әрбір бөлшектің мұқият өңделуі бұл әлемді өте шынайы етіп көрсетеді.

Негізгі түсірілім жұмыстары Нью-Йоркте 2024 жылдың 23 қыркүйегінде басталған болатын. Өндіріс кезеңі 5 желтоқсанда аяқталды. «Марти Суприм» фильмінің бюджеті 70 миллион долларды құрады, бұл оны A24 студиясының тарихындағы ең қымбат жобаға айналдырды.
Сценарийді жазуға Джош Сафди мен Рональд Бронштейн жауапты болды. Соңғысы бұған дейін Роберт Паттинсон түскен «Хорошее время» криминалдық драмасында және Адам Сэндлер ойнаған «Неограненные алмазы» триллерінде еңбек еткен еді.
