Lifestyle|Entertainment

Мамыр мерекелері: Алматыда демалыс күндері қайда барса болады?

АвторыTatler Kazakhstan
28.04.2026
«Девчонка и развод» моноспектаклі | Баспасөз қызметінің мұрағатынан
IMAGE «Девчонка и развод» моноспектаклі | Баспасөз қызметінің мұрағатынан
«Дьявол носит Prada» фильмінің жалғасы, ажырасу жайлы спектакль, сондай-ақ Қазақстандағы ерекше қажеттіліктері бар музыканттар қатысатын алғашқы музыка кеші. Демалыс күндері қайда баруға болады? Сіздер үшін ең қызықты шаралар тізімін дайындап қойдық

Шексіз әуен

Қашан: 30 сәуір, 19:30

Қайда: «Целинный» заманауи мәдениет орталығы, Масанчи көшесі, 59

Бағасы: 10 000 тг

Алматыда алғаш рет ерекше қажеттілігі бар жандардың қатысуымен заманауи академиялық музыка кеші өтеді. «Шексіз әуен» жобасы білім, бірлескен шығармашылық пен технологияны тоғыстырып, бәріне ортақ инклюзивті орта қалыптастыруды көздейді. Бағдарламада барокко мен заманауи туындылар, соның ішінде ерекше қажеттілігі бар композиторлардың шығармалары орындалады. Сахнада шотландиялық композитор Бен Лун, Аршат Шариптің жетекшілігімен камералық оркестр, сондай-ақ Айсұлу Тұрымбек бастаған солистер тобы өнер көрсетеді.

Билеттер

«Девчонка и развод» моноспектаклі

Қашан: 1 мамыр, 20:00

Қайда: «Трансформа» мәдени кеңістігі, Марков көшесі, 44

Бағасы: 12 150 тг бастап

Бұл театр әлеміндегі биылғы маусымның ерекше эксперименттерінің бірі. Сюжет бойынша Суламит есімді ақын қыз күйеуімен ажыраспақшы болады. Алайда жолдасының кенеттен қайтыс болуы бәрін өзгертеді. Енді олардың арасындағы ең басты әңгіме айтылмай қалды. Арада жеті ай өткен соң, ол осы жағдайды сахнаға алып шығады. Ондағы мақсаты – айтылмай қалған сөздерін спектакль арқылы жеткізіп, іште қалған шерін тарқату. Жеке драма осылайша әйелдің таңдау құқығы туралы үлкен әңгімеге ұласады.

Билеттер

«Дьявол носит Prada 2»

Қашан: 30 сәуірден бастап

Қайда: Алматы кинотеатрлары

Бағасы: 1 458 тг бастап

Бұл – баспа басылымдары дағдарысқа ұшыраған қиын кезеңдегі сән әлемі, билікке талас пен үлкен амбициялар туралы хикаяның жалғасы. Оқиғаның қақ ортасында Миранда Пристли мен оның бұрынғы көмекшісі Эмили Чарлтонның текетіресі жатыр. Қазір Эмили сән индустриясындағы ең мықты компаниялардың бірін басқарып отыр. Екі мықтының тартысы енді мүлдем жаңа медиа кеңістікте өрбиді.

Мамыр мерекелері: Алматыда демалыс күндері қайда барса болады?

Gülfairustyñ Jūldyzy

Қашан: 23 сәуір – 14 маусым

Қайда: «Афиша» кафесі

Бағасы: кіру тегін

«Афиша» кафесінде қазақ театрының сахналық келбетін қалыптастырған суретші Гүлфайрус Исмаилованың мұрасына арналған көрме ашылды. Жоба аясында кескіндеме туындылары, театр эскиздері, сонымен бірге бұрын еш жерде жарияланбаған архивтік материалдар алғаш рет бір ортаға жинақталған. Бұл – суретшінің дайын еңбектерін ғана емес, тұтас бір театр дәуіріне әсер еткен шығармашылық әдісінің қалай дамығанын көрсететін керемет мүмкіндік.

öziñ zine fair
жәрмеңкесі

Қашан: 2–3 мамыр, 13:00–19:00

Қайда: Repas Workshop, Тұрғыт Озал көшесі, 184

Бағасы: кіру тегін

Зин (ағылшынның «magazine», яғни «журнал» сөзінен шыққан) – авторлардың өз күшімен шығарылатын тәуелсіз, бейресми шағын журналдары. Алматыда осындай самиздат, арт-кітаптар мен эксперименталды басылымдар авторлардың басын қосқан жәрмеңке осымен екінші рет өткелі отыр. Бағдарламада қатысушылардың стендтері, зиндер мен арт-басылымдар көрмесі бар. Оған қоса тәуелсіз баспа ісіне арналған воркшоптар ұйымдастырылады. Бұл шара – көркемөнер мен баспа ісінің тоғысқан нүктесін іздегендер үшін таптырмас мүмкіндік.