Lifestyle|Entertainment

M'Dee үйлену тойының орнына Алматы мен Астанада екі жеке концерт беретін болды

АвторыTatler Kazakhstan
22.07.2026
Баспасөз қызметінің мұрағатынан
IMAGE Баспасөз қызметінің мұрағатынан
Кеш 9 тамызда Алматыда, ал 30 тамызда Астанада өтеді деп жоспарланған

Қазақстандық танымал әнші M'Dee (Мәди Тоқтаров) өміріндегі жаңа кезеңді ерекше атап өтуді ұйғарыпты. Ол дәстүрлі үйлену тойын жасаудан бас тартып, оның орнына жанкүйерлері үшін екі бірдей үлкен жеке концерт өткізетінін мәлімдеді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бағдарлама ретроспективті форматта құрылмақ. Яғни көрермендер M'Dee-дің әр жылдары жарық көрген туындыларын, соның ішінде сахнада өте сирек орындалатын әндерін де тыңдай алады.

Шоудың жаңа визуалды безендірілуін режиссер Жандос Тұңғышбаев бастаған команда қолға алған. Оның есімі көпшілікке Qara Studio жобалары мен танымал әртістердің бейнебаяндары арқылы жақсы таныс. Бұл жолы режиссер сахнаны безендіруде мүлдем өзгеше, ерекше визуалды шешімдер ұсынбақ.

Ал концерттің жарнама кампаниясын түсіру үшін арнайы Асқар Бумага шақырылған. Оны жұрт негізінен үйлену тойларын түсіретін мықты маман және Қазақстандағы Canon брендінің алғашқы өкілі ретінде жақсы біледі. Жоба авторлары мұндай шешімге тегіннен-тегін келмесе керек: фотографтың басты бағыты кештің «үйлену тойының орнына өтетін концерт» деген идеясымен тамаша үйлесіп тұр.

Алматы мен Астанада өтетін кештің билеттері қазірдің өзінде сатылымға шығып үлгерді.