Қуанышты жаңалықты спортшы мен оның сүйіктісі 11 тамызда әлеуметтік желілерінде жариялады. Олар неке жүзігі тағылған қолдарының әсерлі суретін жүктеп, астына қысқа ғана «C❤️G» деп жазып қойған.
Неке қию салтанаты Португалияның Кашкайш қаласында өтті. Айта кетейік, бұған дейін БАҚ беттерінде той 8 тамызда футболшының туған жері Мадейра аралындағы Фуншал қаласында өтуі мүмкін деген ақпарат тараған еді, алайда бұл қауесет расталмады. Нәтижесінде ғашықтар өмірлеріндегі маңызды оқиға үшін атастырылған күндерін таңдапты – Роналду Джорджинаға 2025 жылдың 11 тамызында тұрмысқа шығуға ұсыныс жасаған болатын.
Үйлену тойы жабық форматта, тек ең жақын адамдардың ортасында өтті. Бұл салтанаттың басты куәгерлері жұптың бес баласы: кіші Криштиану (2010 ж.), егіздер Ева мен Матео (2017 ж.), сондай-ақ ортақ қыздары Алана Мартина (2017 ж.) мен Белла Эсмеральда (2022 ж.) болды.
Еске сала кетейік, Криштиану Роналду мен Джорджина Родригес 2016 жылы Мадридте танысқан. Ол кезде модель Gucci дүкенінде сатушы-кеңесші болып жұмыс істейтін. Содан бері жұп бір-бірінен ажыраған емес: олар Мадридтен Туринге, одан Манчестерге, ақыры Эр-Риядқа дейінгі көшудің бәрін бірге өткерді. Ал 2023 жылдың қаңтарынан бастап Роналду сауд арабиялық «Аль-Наср» клубының намысын қорғап жүр.
