«Қайтарым» көрмесі
- Қашан: 14 шілде – 6 қыркүйек
- Қайда: «Целинный» заманауи мәдениет орталығы, Масанчи көшесі, 59
- Құны: кіру тегін
Көрме XX ғасырдың ең ірі сәулетшілерінің бірі, конструктивизм теоретигі әрі көшбасшысы Моисей Гинзбургтің мұрасына және оның Алматының қазіргі архитектуралық келбетін қалыптастырудағы рөліне арналған. Экспозиция Гинзбургтің жобасымен салынған Үкімет үйінің тарихын баяндайды. Сонымен қатар конструктивизмнің қаланы, кеңістік пен күнделікті өмірді ұйымдастырудағы жаңа тәсіл ретіндегі маңызын ашады. Көрмеге Үкімет үйі мен модернизм сәулетінің дамуына арналған мұрағаттық материалдар, сызбалар мен байқау жобалары қойылған.
Көрменің жеке бір бөлімі конструктивизм мұрасын сақтау мәселесіне арналған. Мұнда Мәскеудегі Наркомфин үйі мен Дессаудағы Баухаус ғимараты сияқты әлемдік нысандарды қайта жаңғырту тәжірибесі көрсетілген. Шара аясында профессор Маурицио Мериджидің Моисей Гинзбург шығармашылығына арналған жаңа кітабы таныстырылады. Бұл еңбек Алматының сәулет өнеріне әлемдік модернизм тарихының бір бөлшегі ретінде жаңаша көзқараспен қарауға мүмкіндік береді.
Балнұр Нүсіпованың Memory Games көрмесі
- Қашан: 14 шілде – 20 қыркүйек
- Қайда: «Целинный» заманауи мәдениет орталығы, Масанчи көшесі, 59
- Құны: кіру тегін
Алматылық суретші Балнұр Нүсіпованың көрмесі есте сақтау, көші-қон, деколониалдық және әлеуметтік трансформация тақырыптарын қозғайды. Фотосуреттер сериясында суретші дастарқан бейнесі арқылы әр жылдардағы отбасылық дастарқан мәзірін қайта жаңғыртып, әртүрлі кезеңде 1000 теңгеге қандай азық-түлік алуға болатынын көрсетеді. Бағалар мен күнделікті тұрмыстық заттардың өзгеруі арқылы бұл туынды еліміздегі экономикалық процестер, қоғамдағы өзгерістер мен жекелеген адамдардың тарихын баяндайды.
Auyl × Elevation сауық кеші
- Қашан: 18 шілде, 15:00
- Қайда: Auyl, Керей-Жәнібек хандар көшесі, 586
- Құны: 10 000 тг-ден бастап
18 шілде күні тау бөктерінде ерекше мерекелік кеш өтеді. Белгілі Auyl жобасы өзінің үш жылдығын, ал Elevation музыкалық қауымдастығы өздерінің онжылдық мерейтойын бірге атап өтпек. Осы уақыт ішінде бұл екі жоба дәмді гастрономия, сапалы музыка және қайталанбас атмосфераны біріктіріп, Қазақстанның заманауи мәдени өміріне үлкен үлес қосты. Мерекелік кешті Gorilla Elevate Your Sound байқауының жартылай финалистері ашады. Одан кейін музыкалық ырғақты The Godfathers (Нариман Исенов пен Нұрберген Махамбетов), MidClassGypsy & AkkuJava, Edigee & Aydakosh, Saida Kambar & Arsen Superfly және жоба резиденттері Aidar & Pluzhnik жалғастырып, көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлайды.
Леонид Ханмен бірге линогравюра сабағы
- Қашан: 19, 26 шілде және 2 тамыз, 13:00-14:30 және 15:00-16:30
- Қайда: Almaty Museum of Arts, әл-Фараби даңғылы, 28
- Құны: 5000 тг
Белгілі график-суретші Мақұм Қисамединовтің шығармашылығына арналған іс-шаралар легі жалғасуда. Осы орайда заманауи суретші Леонид Хан өнер сүйер қауымды линогравюраға арналған шеберлік сабағына шақырады. Бұл дегеніміз – бейнені арнайы материалға (линолеумге) ойып салып, оны қағазға басып шығару өнері. Қатысушылар жоғары баспа техникасымен жақынырақ танысып, материалды дайындаудан бастап, дайын суретті басып шығаруға дейінгі бүкіл шығармашылық процесті өз қолымен жасайды. Барлық құрал-жабдықтар сол жерде беріледі. Сабақ бұл өнер түріне енді ғана қызығып жүргендерге де, тәжірибесі бар жандарға да бірдей қызық болмақ. Шараға 12 жастан асқан жасөспірімдер мен ересектер қатыса алады.
