Lifestyle|Entertainment

Коннор Сторри, Еркебұлан Дайыров және жып-жылы тай киносы: қазан айында не көреміз?

АвторыВиолетта Тельманова
01.10.2026
Коннор Сторри | «Код сна» фильмінен көрініс | IMDb
IMAGE Коннор Сторри | «Код сна» фильмінен көрініс | IMDb
Энтони Бурденнің өмірбаяны мен Лиса туралы деректі фильмнен бастап, отандық премьералар, мистикалық триллерлер мен авторлық киноға дейін шолу жасаймыз

Қазан айын міндетті түрде кинотеатрда өткізгіңіз келетіні анық. Күздің ортасы қазақстандық және шетелдік қызықты кино жаңалықтарына толы болмақ. Бәлкім олардың бәрі бірдей блокбастер емес шығар, бірақ бұл фильмдер уақыт бөліп көруге әбден тұрады.

«Тони»

реж. М. Джонсон
1 қазаннан бастап кинотеатрларда

Алматыда өткен SPOT Film Festival жабылуында көрсетілген фильм ақыры үлкен экранға жол тартты. Бұл – аты аңызға айналған тележүргізуші, аспаз әрі жазушы Энтони Бурденнің өсіп-жетілуі туралы өмірбаяндық гастродрама. Басты рөлдерде ғажап Антонио Бандерас және жас Тониді сомдаған Доминик Сесса ойнайды. Tatler редакциясы бұл фильмді міндетті түрде көруге кеңес береді, тек сеансқа дәмді кешкі астан кейін барған дұрыс екенін ескертеміз.

«Веритидің құпия күнделігі»

реж. М. Шоуолтер
8 қазаннан бастап кинотеатрларда

Актёрлық құрамға назар аударыңызшы! Дакота Джонсон, Джош Хартнетт және картинаның тең продюсері ретінде танылған Энн Хэтэуэй. Басты еркек рөліне Хартнетті алуды талап еткен де дәл осы Хэтэуэй екен. Оқиға желісі бойынша жазушы Лоуэн Эшли жұмбақ жағдайда жол апатына түсіп, төсек тартып жатқан Веритидің кітаптар сериясын аяқтау туралы оның күйеуі Джереми Кроуфордтан ұсыныс алады. Бұл – эротикалық триллер мен драма элементтері бар нағыз психологиялық триллер.

«Мой пес Гохан»

реж. Ч. Бунпракоб, А. Хемвади, Н. Пунпирия
8 қазаннан бастап кинотеатрларда

Гохан есімді қаңғыбас ит туралы жып-жылы тай драмедиі. Ол он жыл ішінде үш түрлі адамның өмірінің бір бөлшегіне айналып, олардың тағдырын өзгертеді. Алдымен оны зейнетке шыққан жапон инженері паналатады, кейін қатыгездіктен құтқарып қалған құжаты жоқ мьянмалық үй қызметкерінің қолына түседі. Ақыр соңында ит жас жұбайлардың шаңырағынан табылып, оларға махаббат пен жауапкершіліктің нағыз мәнін қайта түсінуге көмектеседі.

«Қызыл Раушан»

реж. Қ. Ибрагимов
8 қазаннан бастап кинотеатрларда

90-шы жылдар. Қарағанды облысындағы Бірлік және Дружба ауылдарында жергілікті халықтың өмірі тікелей тәуелді болған шахта төңірегінде үлкен дау туындайды. Әскерден оралған Бақыр басқаша өмір сүргісі келеді: ол сүйіктісі Раушанмен бірге қалаға кетіп, оқуға түсуді армандайды. Алайда оның үлкен ағасы Шәкір, керісінше ауылда қалып, өзіне тиесілі дүниені қорғап қалмақ. Айтпақшы, Раушанның рөлін сомдаған Индира Сабированы Қуаныш Бейсектің атышулы «7 қарақшы» фильмінен де көре аласыздар. Ол бұл рөлді керемет алып шыққан!

Always Lalisa

реж. С. Ким
12, 14 және 17 қазандағы көрсетілімдерге алдын ала сатылым басталды

Иә, біз де Лисаны қатты жақсы көреміз! Музыкалық деректі фильм оның мансабындағы бұрылыс кезеңі – BLACKPINK үзіліс алып, әншінің алғаш рет жеке шығармашылығына толық ден қойған жылы туралы баяндайды. Камера әншінің Alter Ego дебюттік альбомын жазу барысын, «Ақ лотос» сериялының үшінші маусымындағы түсірілімдерін және Coachella 2025 фестиваліндегі өнеріне дайындығын жіті қадағалайды.

«Алан туралы аңыз»

реж. А. Ерназаров
22 қазаннан бастап кинотеатрларда

Қазақ анимациясы мен алматылық вайбты қолдайтын кез келді. Үлкен экранға мәдени астананың символы – ақ барыс туралы оқиға шықпақ. Басты кейіпкер достарымен бірге туған қаласын басқыншылардан қорғайды. Отбасымен бірге көруге арналған өте мейірімді мультфильм.

«Шымыр»

реж. А. Матжанов
29 қазаннан бастап кинотеатрларда

Басты рөлде Еркебұлан Дайыровтың ойнауы – әрдайым тамаша жаңалық. Ал KешYOU тобының бұрынғы әншісі Ақбота-Нұрды кинодан сағынғандар үшін бұл оның үлкен экранға тағы бір сәтті оралуы болмақ. Биылғы жыл актриса үшін премьераларға өте бай. Атыс-шабысқа толы фильмнің басты кейіпкері Шымыр тракторға бөлшек іздеп қалаға келіп, әскерлес досы Елдостың үйіне тоқтайды. Бірақ досының қайғылы қазасынан кейін ол ықпалды букмекерлік мафияның қауіпті ісіне араласуға мәжбүр болады. Ал Елдостың отбасылық проблемалары мен бөтен қарыздары күтпеген жерден Шымырдың мойнына ілінеді.

«Фьорд»

реж. К. Мунджиу
29 қазаннан бастап кинотеатрларда

Алматыда өткен SPOT Film Festival аясында тек таңдаулы көрермендер ғана тамашалап үлгерген туынды. Румыниялық отбасы фьорд жағасындағы шалғай норвег ауылына көшіп келеді. Олардың қызы мектепке денесі көгеріп келгенге дейін бәрі жақсы еді. Осы оқиғадан кейін ауыл ішінде түрлі қауесет тарай бастайды. Басында кәдімгі отбасылық жанжал болып көрінген жағдай тез арада мәдени айырмашылықтар, бала тәрбиесі мен оған қатыгездік көрсетілді деген күдікке толы үлкен мәселеге ұласады.

«Код сна»

реж. М. К. Паранди
29 қазаннан бастап кинотеатрларда

Міне, Коннор Сторриді ұзақ сериалдардан бөлек, үлкен фильмнің басты рөлінде көретін күн де келіп жетті. Сюжет бойынша оның кейіпкері жоғалып кеткен егіз қарындасы Эйприлді іздейді — ол түстерді цифрлық форматқа жаза алатын ерекше қабілетке ие. Бұл іздеу оны корпорациялар, қылмыс пен паранойя жайлаған қауіпті әлемге алып барады. Онда шынайы өмір мен түстің арасындағы шекара бірте-бірте жойыла бастайды. Қыздар, міндетті түрде көреміз ғой, иә?