Үздік фильм
23 мамырда Францияда 79-шы Канн кинофестивалі өз мәресіне жетті. Биылғы байқаудың бас жүлдесі – «Алтын пальма бұтағы» Кристиан Мунджиу түсірген «Фьорд» драмасына бұйырды. Басты рөлдерді Ренате Рейнсве мен Себастьян Стэн сомдаған бұл туынды Румыниядан Норвегияға қоныс аударған көпбалалы отбасының тағдырын баяндайды. Олар жаңа ортада, яғни «прогрессивті» қоғам тарапынан қысым мен түсініспеушілікке тап болып, өмір сүру үшін күресуге мәжбүр болады.

Айта кетейік, бұл – Мунджиудың карьерасындағы екінші «Пальма бұтағы». Ол өзінің алғашқы бас жүлдесін 2007 жылы «4 месяца, 3 недели и 2 дня» драмасы үшін алған болатын. Сонымен қатар, «Фьорд» Круазетт жағалауында топ жарған Neon компаниясының қатарынан жетінші жобасы болып отыр. Бұған дейін аталмыш студия «Паразиты», «Титан», «Треугольник печали», «Анатомия падения», «Анора» және «Простая случайность» сияқты атышулы жеңімпаз фильмдерді жарыққа шығарған еді.
Гран-при
Фестивальдің Гран-при марапатын режиссер Андрей Звягинцевтің «Минотавр» фильмі жеңіп алды. Картина 2022 жылғы оқиғалар аясында қалыпты өмірінің тас-талқаны шыққан ауқатты ресейлік кәсіпкер Глебтің хикаясын баяндайды. Бұл Звягинцевтің Канн төріндегі алғашқы жеңісі емес: бұған дейін ол «Нелюбовь» фильмі үшін Қазылар алқасының жүлдесін, «Левиафан» үшін «Үздік сценарий» аталымын және «Елена» картинасымен «Ерекше көзқарас» бағдарламасының арнайы жүлдесін қанжығасына байлаған.

Қазылар алқасының жүлдесі (Prix du Jury)
Қазылар алқасының жүлдесі неміс режиссері Валеска Гризебахтың «Приснившееся приключение» туындысына бұйырды. Түркия шекарасындағы шағын қалашықта өрбитін бұл оқиға – ескі танысына көмектесу үшін тәуекелге барып, қауіпті мәміле жасаған әйел туралы баяндайтын, деректі және көркем фильм шекарасындағы әлеуметтік драма.

Үздік режиссер
Биыл «Үздік режиссер» аталымында марапатты бірден үш киногер өзара бөлісті. Олар: «Отечество» картинасымен поляк режиссері Павел Павликовский, сондай-ақ «Черный шар» фильмін бірлесе түсірген испандық Хавьер Амбросси мен Хавьер Калво дуэті.
Үздік рөл
Актёрлік шеберлікке келгенде де қазылар алқасы сыйлықты бөліп беруді жөн көріпті. Лукас Донттың «Трус» фильміндегі тамаша ойыны үшін Валентин Кампань мен Эммануэль Маччиа «Үздік ер адам рөлі» жүлдесіне ие болды. Дәл осындай жағдай әйелдер арасында да қайталанып, Рюсукэ Хамагутидің «Внезапно» картинасында жарқыраған Виржини Эфира мен Тао Окамото «Үздік актриса» атанды.
Үздік сценарий
Үздік сценарий үшін берілетін марапат француз кинематографисі Эммануэль Марреге табысталды. Ол – Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы француз Қарсыласу қозғалысына арналған «Наше спасение» тарихи драмасының авторы.

Қосымша марапаттар
Фестивальдің Құрметті «Алтын пальма бұтағы» аты аңызға айналған Барбра Стрейзандқа табысталды. Марапатты сахнадан Изабель Юппер жарияласа, актрисаның өзі ұйымдастырушыларға бейнебайланыс арқылы алғысын білдірді.
Биылғы негізгі байқаудың қазылар алқасына оңтүстіккореялық танымал режиссер Пак Чхан Ук төрағалық етті. Онымен бірге үміткерлердің жұмысын Деми Мур, Рут Негга, Лаура Вандел, Хлоя Чжао, Диего Сеспедес, Исаак де Банколе, Пол Лаверти және Стеллан Скарсгард сияқты кино өнерінің майталмандары бағалады.
