Бұрынғы іс-әрекеттері үшін көпшіліктен кешірім сұраған Канье Уэст (Йе) «Өзім ренжіткен жандарға» атты ашық хат жолдады. Артист өз сөзін қалың қауымға жеткізу үшін The Wall Street Journal басылымының қағаз нұсқасынан жарнамалық орынды арнайы сатып алған.
Уэст өзінің соңғы уақыттағы оғаш мінез-құлқын 2002 жылы орын алған, жақ сүйегінің сынуы мен миының оң жақ бөлігінің зақымдануына әкеп соққан ауыр жол апатының салдарымен байланыстырады. Әртістің пайымдауынша, сол кезде алған жарақаттары ұзақ уақыт бойы назардан тыс қалып, соңында 2016 жылы анықталған биполярлық бұзылыстың асқынуына басты себеп болған.
Музыканттың айтуынша, дерттің шырқау шегі 2025 жылдың басына тура келген. Ол төрт ай бойы мания мен паранойяның құрсауында қалып, өзін тіпті суицидтік ойлар мазалағанын ашық мойындады. Сондай-ақ аурудың бар екенін жоққа шығару жағдайды одан әрі ушықтыра түскенін де жасырмады.
Әртіс емделу туралы шешімді жары Бьянка Цензоридің демеуімен және Reddit платформасындағы осы дертпен күресіп жүрген жандардың тағдырымен танысқаннан кейін қабылдаған.
«Мен өзім қатты өкінетін сөздер айтып, істер жасадым. Ең жақын адамдарыма ең ауыр соққы бердім», – деп жазады Уэст. Ол нацистік таңбасы бар тауарлар шығарғанына өкініш білдіріп: «Мен нацист те, антисемит те емеспін. Мен еврей халқын жақсы көремін», – деп кесіп айтты.
Афроамерикалық қауымдастықтың алдында да кінәлі екенін сезінген музыкант ендігі жерде ақталуды емес, жауапкершілік алып, тиісті ем қабылдау арқылы оң бағытқа өзгеруді мақсат етіп отыр. Емдеу шаралары басталғалы бері санасының сергігенін айтқан әртіс ендігі бар қуатын «жақсылыққа толы мағыналы өнерге» жұмсамақ.
