Lifestyle|Entertainment

«K-Pop: Demon Hunters» туындысы «Оскар–2026» сыйлығының екі номинациясына ие болды

Автор Tatler Kazakhstan
23.01.2026
«K-Pop: Demon Hunters» анимациялық фильмінен үзінді, 2025 жыл | IMDb
IMAGE «K-Pop: Demon Hunters» анимациялық фильмінен үзінді, 2025 жыл | IMDb
Картина «Үздік анимациялық фильм» және Golden туындысы үшін «Үздік түпнұсқа ән» санаттарында марапаттан үмітті

Туынды авторлары номинациялар тізіміне енгендерін таңертеңгі уақытта естіген болатын. Картинаның қоюшы режиссерлері Мэгги Кан мен Крис Аппельханс осы жаңалықты растай отырып, аталған оқиғаның бүкіл шығармашылық топ үшін маңыздылығын атап өтті.

Мэгги Канның пайымдауынша, корей мәдениетінің элементтеріне негізделе отырып түсірілген фильмнің халықаралық деңгейде танылуы ерекше маңызға ие. Ол бұл жобаның мәдени өкілдіктің айқын үлгісіне айналғанын әрі корей аудиториясы тарапынан өте жылы қабылданғанын жеткізді. Қазіргі таңда бұл анимациялық туынды Netflix тарихындағы ең көп көрілген жоба ретінде тіркеліп отыр.

«Үздік түпнұсқа ән» санатында бақ сынайтын Golden композициясын басты кейіпкер Румиге дауыс берген Ejae жазып, өзі орындап шыққан. Орындаушы осы жобаға атсалысуы оның кәсіби мансабындағы елеулі белес болғанын тілге тиек етті.

2025 жылдың маусым айында жарыққа шыққан сәттен бастап «K-Pop: Demon Hunters» туындысы бірқатар беделді марапаттарды иеленіп үлгерді. Фильм «Үздік анимациялық фильм» және «Үздік ән» санаттарында Critics Choice Awards сыйлығының лауреаты атанып, сонымен қатар кинодағы үздік анимациялық фильм мен үздік түпнұсқа ән үшін «Алтын глобус» сыйлығымен де марапатталды.

Бұдан бөлек, картина Annie Awards сыйлығының 10 номинациясына және «Грэмми» сыйлығының 5 номинациясына ие болды. Соңғы марапаттардың ішінде Golden композициясы үшін «Жыл әні» және HUNTR/X жобасының құрамында Ejae, Audrey Nuna мен REI AMI орындаған «Дуэт немесе топпен үздік поп-орындау» номинациялары бар.

«Оскар–2026» сыйлығына ұсынылғандардың толық тізімімен мына жерден танысуға болады.