Финал 2026 жылдың 19 шілдесінде Ист-Ратерфордтағы New York New Jersey Stadium стадионында өтті. Төрт жылдықтың басты матчы дәл күткендегідей өрбіді: жүйкені жұқартқан, өте қатаң әрі шектен тыс ұзақ болды. Негізгі 90 минутта командалар есеп аша алмай, жеңімпазды анықтау қосымша уақытқа қалды.
Бұл кештің басты қаһарманы – жалғыз голдың авторы Ферран Торрес. Шабуылшы 62-минутта қосалқы құрамнан алаңға шығып, 106-минутта Эмилиано Мартинес қорғаған қақпа маңдайшасының астынан дөп көздеп, есеп ашты.
Аргентина ойынды аз құраммен аяқтауға мәжбүр болды: екінші таймға қосылған уақытта Энцо Фернандес екінші сары қағазын алып, алаңнан қуылды. Қақпашы Эмилиано Мартинес 11 рет сейв жасап, турнирдің шешуші матчтары тарихында жаңа рекорд орнатты. Алайда бұл әрекеттер жеңіске жету үшін жеткіліксіз болды.

Испания үшін бұл – әлемдік деңгейдегі екінші титул. Олар алғашқы әлем кубогын 2010 жылы финалда Нидерланд құрамасын жеңіп алған еді. Ал 2022 жылғы біріншіліктің жеңімпазы Аргентина бұл жолы табысын қайталай алмай, чемпиондық атағын қорғап қала алмады.
Испандықтар сегіз матчта өз қақпасына небәрі бір ғана гол өткізіп (оны Бельгия құрамасы соққан), турнирді мінсіз аяқтады. Енді Испания бір мезгілде ерлер мен әйелдер құрамасы арасындағы чемпиондық атақты қатар иеленіп отыр. Естеріңізге сала кетейік, испаниялық әйелдер командасы 2023 жылғы әлем чемпионатында топ жарған болатын.
