Дженсен Хуангты Nvidia басшысы қызметіне қайтаруды көздейтін ашық хатқа 131 мыңнан астам адам қол қойған. Stand with Jensen науқанына Tesla басшысы Илон Маск, Replit негізін қалаушы Амджад Масад және Epic Games жетекшісі Тим Суини сияқты танымал тұлғалар қолдау білдірді.
Бұл құжатқа 71 мыңнан астам акционер, 6500 қазіргі және 1200-ге жуық бұрынғы қызметкер қол қойыпты. Хат авторлары директорлар кеңесінен тәуелсіз тергеу жүріп жатқан кезде Хуангты өз орнына қайтаруды өтінеді. Сонымен қатар, олар тағылған айыптардың мәнін, нақты дәлелдерді және шешім қабылдау кезінде акционерлер мен ұжымның мүддесі қалай ескерілгенін ашық түсіндіруді талап етіп отыр. Бастамашыл топ басшыны тиісті тексеріссіз және оған сөз берместен қызметінен ығыстырып жіберуі мүмкін деген қауіптерін де жасырмады.
«Жауапкершілік нақты дәлелдерді, әділ тергеуді және салмақты шешімді қажет етеді. Дженсен тобырдың сотына емес, заңды әрі әділ тексеріске лайық».
Хатты жазғандар құр күдіктер мен жеке байланыстар оның 33 жылдық басқару тарихын жоққа шығаруға тым аздық етеді деп санайды. Олар бұл корпорацияны Хуангтың бүкіл саналы ғұмырын арнаған төл перзентіне балайды.
Хуангтың айналасындағы дау-дамай қазан айының соңында басталды. Сол кезде оның Megaspeed компаниясының бұрынғы топ-менеджері Элис Хуангпен қарым-қатынасы туралы ақпарат тараған еді. Айта кетейік, Элиске тыңшылық жасады деген күдік келтірілген болатын. Осы жағдайдан кейін АҚШ билігі арнайы тергеу ісін ашты. 8 қараша күні Хуанг қызметкерлерге жолдаған хатында әйелінің көзіне шөп салғанын мойындады. Ал 12 қарашадағы ресми отставкасына дейін оның Nvidia-дағы тағы екі қызметкермен (оның ішінде денсаулық сақтау бағытындағы вице-президент Кимберли Пауэлл да бар) жақын байланысы болғаны әшкереленді.
Қазіргі уақытта бас директордың міндетін атқарушы болып компанияның қаржы директоры әрі атқарушы вице-президенті Колетт Кресс тағайындалды. Ал директорлар кеңесі тұрақты басшыны табу үшін ішкі және сыртқы үміткерлерді мұқият қарастырып жатыр.
