Седрик
Балалық шағы Лондонда өткен Паттинсон жасөспірім кезінен әуесқой театрда шыңдалып, түрлі қойылымдар мен тележобаларға жиі шақырылатан еді. Дегенмен, оның нағыз бағын ашқан жоба – «Гарри Поттер и Кубок огня» фильмі болды. Ол тіпті осы рөл үшін университеттегі оқуын да тастап кеткен еді. Седрик Диггоридің рөлі аса үлкен болмаса да, көрермен жадында қатты сақталып, Паттинсон лезде ірі студиялардың назарына ілікті. Фильм режиссері Майк Ньюэлл оның бұл жетістігін былай деп түсіндірді: «Седрик – Хогвартс чемпионына тән барлық қасиеттің жиынтығы. Роберт бұл рөл үшін жаратылғандай болды, ол – беделді мектеп түлегінің классикалық келбетін бейнелейтін ағылшын аристократиясының нағыз үлгісі».

Паттинсон басқа кейіпкерлерді көлеңкеде қалдыратын мінсіз жасөспірімнің бейнесін керемет сомдап шықты. Алайда, интернеттегі жүйкені жұқартатын мінсіз «жұрттың баласынан» басты айырмашылығы – Седрик көрерменнің шынайы симпатиясын оятып, тұтас бір буынның «крашына» айнала алды, ал баспасөз оны бірден «жас Джуд Лоу» деп атап кеткен болатын.

Сумерки
Актер мансабындағы нағыз серпіліс 2008 жылы жарық көрген «Сумерки» фильміндегі вампир Эдвард Калленнің рөлімен келді – дәл осы жоба оны әлемдік жұлдызға айналдырды. Алайда, жанкүйерлер арасында «Сумерки» фильмін Паттинсонның өзіндей жек көретін адам жоқ шығар. Оны өз кейіпкері ғана емес, әдеби тұрғыдан өте әлсіз жазылған кітаптың өзі де қатты ызасын келтірген. Ол фильм авторларын ыңғайсыз сұрақтармен жиі тергейтін: мысалы, вампирлер көз ілеспес жылдамдықпен қозғала алатын болса, оларға көліктің не керегі бар? Актердің айтуынша, осындай бітпейтін талқылаулары үшін оны тіпті келісімшартты бұзамыз деп те қорқытқан. Сондықтан болар, франшиза аяқталғаннан кейін де ол сұхбаттарында «Сумерки» фильмін кекетіп, әзілге айналдыру мүмкіндігін ешқашан жіберген емес.

Мемдердің кейіпкері
Вампирлік сага бірден өзіндік мифология мен интернет-мемдер әлемін қалыптастырды. Мәселен, «Бұл – қанішердің терісі, Белла» деген тіркесті айтсаңыз жеткілікті, көпшілік не туралы сөз болып жатқанын бірден түсінеді. Жарқыраған тері демекші, көрерменнің басым бөлігі мұны компьютерлік графика деп ойлағанымен, бұл толықтай гримдеушілердің еңбегі еді. Актерлерге тері реңкін бозартатын «вампирлік» грим жағып, үстінен жарық шағылыстыратын жалтырақтар мен пигменттер сепкен. Сюжет бойынша вампирлердің терісі күн сәулесінде жарқырауы тиіс болғандықтан, кенеттен күн шығып кетсе, гримді тез арада түзетіп, кейбір сценаларды қайта түсіруге тура келетін. Түсірілім тобының ашық ауа райына қуана бермейтіндігінің себебі де осында еді.

Музыка
«Сумерки» фильмінде Эдвардтың Беллаға рояльде ойнап беретін тұсы есіңізде ме? Паттинсон ол жерде жай ғана ойнағандай болып отырмайды, шынымен де пернелерді өзі басады. Музыкаға бала жасынан әуес ол төрт жасында-ақ фортепиано мен гитараны меңгеріп алған екен. Ол тіпті «Сумерки» саундтрегіне екі бірдей ән жазып берді: бірі – Сэм Брэдлимен бірлескен Never Think болса, екіншісі – Let Me Sign композициясының кавері.
Егер кинодағы мансабы құлдырап кетсе, оның қосалқы жоспары әрқашан дайын – ол музыкант болу. Бұл құр қалжың емес, жанкүйерлер Америкалық композиторлар ұйымының (ASCAP) базасынан Паттинсонның атына тіркелген 14 әнді тауып алды. Бұл жаңалық актер жақында өзінің дебюттік альбомын шығаруы мүмкін деген қауесетке ұласты.
Опасыздық
Вампир сагасы актерге әлемдік атақпен бірге үлкен махаббат та сыйлады. Түсірілім алаңында ол Кристен Стюартпен танысып, экрандағы химия тез арада шынайы сезімге ұласты. 2009 жылы кездесе бастаған жұп көп ұзамай бір шаңырақ астына көшіп, Роберт ортақ болашағы үшін зәулім үй де сатып алған. Алайда 2012 жылдың жазында бұл роман атышулы жанжалмен аяқталды: папарацци Стюартты сол кезде отбасылы болған режиссер Руперт Сандерспен бірге суретке түсіріп алған еді. Фотолар әлемге лезде тарап, Кристенге жұрт алдында кешірім сұрауға мәжбүр болды.

Паттинсон сүйіктісін кешіруге күш тауып, екеуі қарым-қатынасты сақтап қалуға тырысқанымен, бұл дағдарысты еңсере алмады. 2013 жылы Голливудтағы ең әдемі махаббат хикаяларының біріне нүкте қойылып, олар біржолата айырылысты. Дегенмен, қазір актердің жеке өмірінде бәрі тамаша: ол әнші әрі актриса Сьюки Уотерхауспен көңіл жарастырған, ал 2024 жылдың наурызында жұптың тұңғыш қызы дүниеге келді.

Indie boy
«Сумерки» франшизасынан кейін Паттинсон Голливудтың жылтырақ мұқабадағы сымбатты жігіті ретінде ірі жобаларға түсе беруіне болар еді. Бірақ ол бағытын күрт өзгертіп, өзінің жасөспірім қыздардың кумирі емес, мықты актер екенін дәлелдеу үшін он жыл бойы тек авторлық, аз бюджетті және фестивальдік фильмдерге түсіп жүрді. Осылайша оның актерлық қоржыны жанрлары мен көңіл-күйі мүлдем ұқсамайтын туындылармен толықты: олардың қатарында Дэвид Кроненбергтің «Космополис» және «Звездная карта», Дэвид Мишоның «Ровер», Вернер Херцогтың «Королева пустыни», Антон Корбейннің «Лайф», Сэфди ағайындыларының «Хорошее время» және Роберт Эггерстің «Маяк» фильмдері бар.

Бэтмен
2020 жылы өз талантын бүкіл әлемге дәлелдеп шыққан Паттинсон үлкен Голливудқа қайта оралуды ұйғарады. Алдымен Кристофер Ноланның «Довод» ғылыми-фантастикалық триллерінде ойнаса, көп ұзамай «Бэтмен» блокбастерінде басты рөлді сомдап шықты. The New York Times басылымы оны тіпті «Голливудтың соңғы нағыз киножұлдызы» деп атағаны да бар. Өйткені ол ірі блокбастерлерге де көрермен тарта алады, әрі беделді авторлық кинода да жарқырайды. Ең бастысы, оның жұлдызды мәртебесі әлеуметтік желідегі хайппен емес, экрандағы нағыз рөлдерімен қалыптасқан.

«Пасхалка»
Паттинсонның фильмографиясында оған тіпті кадрға шығудың қажеті де болмаған рөл бар. Мәселен, «Марти Великолепный» фильмінде ол тек дауыстық камеомен шектелді. Фильм режиссері Джош Сэфдидің айтуынша, бұл ең мұқият көрермендерге арналған жасырын «пасхалка» (құпия деталь) болған. «Мұны ешкім білмейді, бірақ кадр сыртындағы комментатордың, яғни төрешінің дауысы – Паттинсондікі», – дейді режиссер. Оқиға былай өрбіген: актер студияға фильмдің жұмыс материалдарын көруге кіріп келген сәтте, режиссерге жартылай финалды дыбыстау үшін дәл ағылшын акцентімен сөйлейтін адам қажет болып жатқан еді, сондықтан мәселе тез шешіліп, олар микрофонды Паттинсонға ұстата салған.

Зумер
Паттинсон сұхбат барысында жиі ыңғайсыз әрі қызық жағдайларға тап болып, интернет-мемге айналып жататынымен де танымал. Сондай оқиғалардың бірі Дженнифер Лоуренспен берген бірлескен сұхбатта орын алды. Әңгіме ұрпақтар тақырыбына ауысқанда, Паттинсон «Мен – Gen Z-пін (зумермін)» деп мәлімдеді. Лоуренс кекесінмен: «Сенің зумер болғың келе ме?» – сұрағанда, ол еш саспай: «Жо-жоқ, мен зумермін!», – деп жауап қатты. Алайда Лоуренс онымен келіспей: «Сен Z ұрпағынан емессің, миллениалсың. Бірақ өзіңді зумер деп шын жүректен сенетініңе еш күмәңім жоқ», – деп қарсылық білдірді. Лоуренс оның туған жылын сұрағанда, Паттинсон жай ғана жымиып, «оның маңызы жоқ» деп құтылған. Естеріңізге салсақ, Gen Z – шамамен 1990 жылдардың ортасы мен 2010 жылдар аралығында туғандар, ал 1986 жылы дүниеге келген Паттинсон бұл ұрпақ өкілдерінен кем дегенде он жасқа үлкен.
Есепті бөліп төлеуші
Тағы бір қызық оқиға «Вот это драма!» фильмінің промокампаниясы кезінде болды. Фильмде ғашықтарды ойнаған Зендея мен Паттинсон бірлескен сұхбатында кездесудегі этикет ережелерін талқылаған еді. Журналист мейрамханада есепті үнемі бөліп төлеу қажет пе деп сұрағанда, Паттинсон күтпеген жерден шығынды қақ бөлу идеясын қолдай кетті. «Қыздың жасырын түрде есеп айырысқаны меніңше өте керемет. Яғни, бұл қыздың жігіттің қамын ойлап жүргені деген сөз», – деп ағынан жарылды ол. Ал Зендея бұған мүлдем қарсы шығып, өзі нағыз серілікті бағалайтынын және бірінші кездесуде жігіттің төлегені орынды екенін алға тартты. Осы оқиғадан кейін жұрт Паттинсонды «пополамщик», яғни есепті бөліп төлейтін жігіт деп атап кетті.

Қиялкеш
Дегенмен, актердің сұхбаттарында өзі туралы айтқан сөздерінің бәріне бірдей сене беруге болмайды. Белгілі болғандай, Паттинсон – небір оқиғаларды қиялынан құрастыра беретін үлкен қиялкеш. Мәселен, мансабының басында ол тікелей эфирде журналистке бала кезінде көлік жарылысы кезінде бір баланың қаза тапқанын көзіммен көрдім деп соққан. Сірә, ол сұхбатты тезірек аяқтағысы келсе керек, өйткені бұл тосын оқиға журналисті қатты абдыратып тастады. Кейінірек бұның бастан-аяқ өтірік екені белгілі болды.
Оның тәжірибесінде мұндай «импровизациялар» жетерлік. Мысалы, 2009 жылы ол Дэвид Леттерманға өзін бір әйелдің аңдып жүргенін байсалды түрде айтып берген: ол өзіне жабысып алған фанат қызды кешкі асқа шақырып, оған екі сағат бойы өз өміріне шағымдану арқылы одан әрең құтылыпты. Тағы бірде ол әйелдер әшекейі каталогында «қол моделі» болып жұмыс істегенін мақтанған. Бәлкім, мұндай пиар-стратегия біреулерге ерсі көрінер, бірақ бұл Паттинсонға өте жабық өмір салтын ұстана отырып, үнемі медианың назарында жүруіне тамаша мүмкіндік береді.
Прайм
Қазір әлеуметтік желілерде актерлердің «праймын» (шарықтау шегін) іздеу сәнге айналған, ал Паттинсон үшін биылғы 2026 жыл прайм жылы десек қателеспейміз. Өзіңіз бағалап көріңіз: биыл оның қатысуымен бірдей төрт ірі жоба шығады, олар – «Вот это драма!», «Дөң: Үшінші бөлім», «Прайм-тайм» және «Одиссея». Оның үстіне бұл фильмдердің үшеуінде ол Зендеямен бір алаңда ойнайды.

Айтпақшы, жақында берген сұхбатында Паттинсон Кристофер Ноланнан рөлге келіспес бұрын «Одиссея» сценарийін көрсетуді сұраған жалғыз актер екенін айтты. Актердің сөзінше, ол режиссерге «Сценарийді оқуды тағаттана күтіп жүрмін» деген кезде, Нолан қатты таңғалып: «Сен оны шынымен оқығың келе ме? Басқалардың бәрі бірден «иә» деп жауап берген еді», – депті.

