Оскар» сыйлығының үш дүркін иегері үлкен экранға өзінің көптен армандаған жобасымен оралды. Бұл – сұлулығымен көз арбап, мұңымен тұңғиыққа батыратын қорқынышты ертегі. Дель Тороның «Франкенштейні» – сан түрлі жанр тоғысқан бас айналдырарлық шытырман оқиға: мұнда Құбыжық та, құбыжықтан бетер адамдар да, Арктика мұздары мен өртке оранған зәулім үйлер де, әрине, соңы хеппи-эндпен аяқталмайтын махаббат та бар
Гильермо дель Тороның «Франкенштейні» – 2025 жылдың көпшілік асыға күткен жарқын туындыларының бірі. Режиссер Мэри Шеллидің романын экрандау идеясын өмір бойы көкейінде сақтап келген: кітапты алғаш рет он бір жасында оқыған ол, мұны фильмге айналдырамын деп өзіне сөз береді. Бұл арманның орындалуына тұп-тура 50 жыл уақыт кетті. Сонымен, атақты режиссердің өмірлік ісіне айналған туынды не туралы және нәтиже қандай болды?
Абайлаңыз! Мәтінде спойлерлер көп.
Сюжет желісі
1857 жыл. Арктика мұздарының арасында даниялық кеме құрсауға түседі. Теңізшілер мұз құрсауынан жаралы жолаушыны (Оскар Айзек) құтқарып қалады, алайда оның ізіне алып денелі, оңайлықпен өлмейтін Монстр (Джейкоб Элорди) түскен екен. Команда жұдырықтай жұмылып, монстрды мұз астына қарай ығыстырған соң, құтқарылған жан өзін барон Виктор Франкенштейнмін деп таныстырады. Құтқарушыларының алдында ағынан жарылған ол өз өмірі жайлы хикаясын бастайды.

Оқиға Виктордың жалғыздықта өткен балалық шағынан бастау алады. Біз кез келген қателігі үшін ұлын таяқпен жазалайтын қатал әкені (Тайвин Ланнистер рөлін еске салатын керемет Чарльз Дэнс) көреміз. Тұйық әрі мұңлы анасы кіші ұлын босану үстінде қайтыс болады. Кішкентай Виктордың ойынша, данышпан дәрігер әкесі оны құтқаруға тырыспайды да. Романда жоқ бұл желіні дель Торо арнайы қосқан. Осы арқылы режиссер есейген Виктордың қатыгездігі мен пасық әрекеттерін бала күнгі жан жарақатымен түсіндіргісі келген.
Нағыз құбыжық кім?
Есейген Виктор өлімді жеңу идеясына ессіз берілген, атақты ғалымға айналады. Осы мақсат жолында ол дарға асылғандар мен қаза тапқан солдаттардың дене мүшелерінен сұмдық мозаика құрастырады. Осылайша оның әйгілі Монстры – ақыл-есі бар, сезіне алатын, бірақ өзінің құбыжық екенін түсініп, соның азабын тартуға мәжбүр мақұлық дүниеге келеді. Кітаптағы нұсқасынан айырмашылығы, фильмдегі Виктор өз туындысын көргенде қорыққаннан қашып кетпейді. Оны жертөледе шынжырлап ұстап, үйретуге тырысады. Бірақ «ұлының» бар болғаны бір ғана сөзді – өз жаратушысының есімін ғана айта алатыны белгілі болғанда, Виктор әкесінің қатыгездігін қайталап, оны таяқпен сабайды.

Жалпы, «Франкенштейн» – жасампаздың менмендігі мен өз туындысы алдындағы жауапкершілігі туралы роман деп есептеледі. Алайда дель Тороның нұсқасында ата-ана мен бала қарым-қатынасының психологиясына басымдық берілген. Монстр, дәл бір ренжіген бала секілді, Викторға: «Мен сенен мені жаратуды сұраған жоқпын!» деп кінә артады. Ал Виктор, өз кезегінде, әкесінен көрген қорлығын өз «баласына» көрсетеді. Бәлкім, Мэри Шеллидің 1818 жылы жазылған романы бүгінде ғылым тақырыбымен емес, әкелер мен балалар мәселесімен өзекті шығар?
Монстрдың рөлі қазіргі Голливудтың ең сымбатты серісі Джейкоб Элордиге бұйырды. Және ол бұл міндетті мінсіз атқарып шыққан. Екі метрлік актер кейіпкерінің сынық, қырлы пластикасын ғажап жеткізе білді: Монстр кәдімгі адам сияқты жүре алмайды, оған өзге денелердің бөлшектерінен құралған, бір-бірімен қабысқысы келмейтіндей көрінетін өз денесін басқару қиынға соғады.

Өзге кейіпкерлер және махаббат жайы
Махаббат хикаясына келсек, бұл тұсы сәл күрделілеу. Виктор өзінің іш пыстырарлық інісінің қалыңдығы – Элизабет Харландерге (Миа Гот) ғашық. Актрисаға, өкінішке қарай, ауыз толтырып айтарлықтай рөл бұйырмады, есесіне костюмдері көздің жауын алады. Махаббат интригасы – фильмнің ең әлсіз тұсы десек қателеспейміз. Күйеуі мен оның ағасы бойжеткенді қызықтырмайды, бірақ дель Торо өз стиліне салып, кейіпкер мен Монстр арасында өзара жылылық ұшқынын тұтандырды. Алайда бұл жолы кейіпкерлер арасындағы байланыс сенімсіз шығып, көрерменге сезім тереңдігі жетіспей қалды.

Қызықты детальдарға тоқталсақ: Элизабеттің қару-жарақ саудасымен айналысатын, оғаш мінезді ағасы Генрих Харландер (Кристоф Вальц) бар. Ол Виктордың күмәнді тәжірибелерін өз мақсаты үшін қаржыландырады. Бұл кейіпкер болмаса да, оқиға желісіне нұқсан келмес еді. Тіпті Вальцтің харизмасы да бұл хикаяны қызықты етуге қауқарсыз болып шыққан.

Қорытынды
Кітаптағыдай, мұнда да баяндау екі тараптан: Виктор мен Монстрдың атынан жүргізіледі. Бірақ Виктордың монологы фильмнің басым бөлігін алса, Монстрдың хикаясы асығыс, үзік-үзік берілген. Оның тірілген өлік күйінен Шекспир стилінде сөйлейтін галантты джентльменге айналуы тым жылдам әрі негізсіз көрінеді.

Фильм ширақ басталып, визуалды ауқымымен, готикалық сұлулығымен және Netflix-тің жомарт бюджетімен таңдай қақтырады. Бірақ бірінші сағаттан асқан соң (жалпы ұзақтығы екі жарым сағат), картинаның ырғағы бұзылып, бір орында баяулап қалады. Дель Торо, дәл өз кейіпкері секілді, әртүрлі жарқын бөлшектерден ғаламат дүние құрастырғанымен, оған шынайы жан бітіре алмағандай.
