Гарри Стайлс «Уэмбли» стадионында әлемдік рекорд орнатты. Ол Together, Together турнесінің аясында осы аренада қатарынан 12 концерт беріп, көрерменді таңғалдырды. BBC телеарнасының хабарлауынша, 32 жастағы әнші аталған стадионда ең ұзақ концерттер сериясын өткізгені үшін Гиннесс рекордтар кітабына ресми түрде тіркелген. Осылайша ол 2025 жылы осында 10 шоу жасаған Coldplay тобын артта қалдырды.
Тарихи концерттер тізбегі 12 маусымда басталып, шамамен 80 мың көрермен жинаған қорытынды шоу сенбі күні өтті. Бастапқыда тек алты кеш ұйымдастыру жоспарланған еді. Алайда билетке деген сұраныстың тым жоғары болуына байланысты кештер санын екі есеге көбейтуге тура келді. Айта кетейік, музыканттың бұл турнесінде Лондон Ұлыбританиядағы жалғыз қала болып отыр.
Қорытынды концерт барысында Стайлс үзіліс жасап, өнер жолы басталған One Direction тобындағы бұрынғы әріптестеріне алғыс айтты. Ол Найл, Луи, Зейн және «жақын досы Лиамға» рақметін жеткізіп, оларсыз мұндай жетістікке жету мүмкін еместігін, өзінің достығы мен бар білгені үшін осы жігіттерге қарыздар екенін ерекше атап өтті. 2024 жылы Лиам Пейн 31 жасында өмірден өткенін ескерсек, бұл сөздер көпшіліктің жүрегін елжіретті. Еске сала кетейік, One Direction тобы 2010 жылы The X Factor шоуында құрылып, 2016 жылы белгісіз мерзімге үзіліс алған болатын. Стайлс осыдан 16 жыл бұрын оның өмірін түбегейлі өзгерткен сол бір шоу дәл осы Лондон ауданында түсірілгенін айтып, естеліктерімен бөлісті.
Әншінің жеке карьерасы 2017 жылы басталғанын еске саламыз. Содан бері ол алты BRIT Awards, үш Grammy және екі Ivor Novello сыйлығын иеленіп үлгерді, ал оның төртінші студиялық альбомы биыл қаңтар айында жарық көрді. Гиннесс рекордтар кітабының ресми өкілі бұл жетістікті әнші өнерінің ауқымы мен мәдени ықпалының, сондай-ақ жанкүйерлерімен арадағы ерекше байланыстың айқын көрінісі деп бағалады. Стадионда Стайлстың рекордына арналған естелік баннер ілініп үлгерді. Ал әншінің анасы Энн Твист әлеуметтік желіде ұлының бала күнгі суреттерін жариялап, әсерлі жазба қалдырды. «Сонау 1996 жылдың өзінде кішкентай ұлымның үлкен сахнаға шығатынын сезгенмін, бірақ ол бір күні осындай тарихи рекордтар орнатады деп ешқашан ойламаппын», – деп жазды ол.
